Қызылордада қала тазалығын ластаушыларға әкімшілік шара көрілуде | Print |
14.07.2017 17:14

Қоғамдық тазалықты сақтап, өзге де азаматтар мен олардың еңбегіне сыйластықпен қарау – әрбір азаматтаң парызы. Елбасымыздың өзі мемлекетіміз құқықбұзушылыққа төзбеушілік қағидатын қалыптастыру қажет деген болатын. Сонымен қатар, кез келген заң бұзушылықтың барлығы ұсақ тәртіпсіздіктерден басталатынын ескерсек, қылмыс көшедегі қоғамдық мүлікті бүлдіруден бастау алуы да ғажап емес. Сондықтан құқық қорғау саласының қызметкерлері тазалық жұмыстарына араласып, тәртіпсіздіктермен күрес жұмыстарын қарқынды түрде жалғастыруда.

Атап айтқанда, 2017 жылғы 4 шілдеде полиция қызметкерлері үйінен шығарылған қоқысты қала орталығындағы арықтардың біріне тастай салған қала тұрғынын байқайды. Оған қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабы негізінде әкімшілік хаттама толтырылып, материалдар сотқа жолданды.

Дәл осы күні бейнебақылау камераларының назарына әңгіме-дүкен құрып отырған 4 азаматтың құқықбұзушылық әрекеті түседі. Олар адамдардың ортақ пайдаланатын орнына шемішкі шағып қана қоймай, темекі қалдығын тастай салғандары анықталады. Оларға қатысты да ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабына сай әкімшілік шара көрілді.

Егер де айналаны ластаушылардың кінәсі дәлелденген жағдайда олар 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға жазаланады.

Аталған бағыттағы жұмыстар өз деңгейінде жалғасатын болады.

Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі