Кәріз сорғы станциясында жұмысшылар қорғау құралдарынсыз жұмыс істеген | Print |
27.07.2017 12:07

2017 жылдың шілде айының 26-cы күні 13 сағат 20 минутта «Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы» кезекшісіне Қызылорда облысы ТЖД кезекшісінен Шымбай көшесінде кәріз сорғы станциясында газдардың бөлінуі орын алып, зардап шеккендер бар екендігі жөнінде хабар түсті.

Жасақ құтқарушылары төтенше жағдай орнына жетіп, жағдайды бағдарлап, кәріз сорғы станциясының түбінде 5 адам газға уланып қалғанын анықтады. Құтқарушылар қорғайтын костюм және тыныс аппараттарын киіп, төменгі қабатына түсіп, 3 жұмысшыны құтқарып, 2 адамның мәйітін сыртқа шығарды. Барлық зардап шегушілерге жедел жәрдем қызметкерлері оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетіп, облыстық медицина орталығына алып кетті.

Анықтау барысында, кәріз сорғы станциясында жеке қорғау құралдарынсыз 7 адам жөндеу жұмыстарын жүргізген. Жұмыс барысында газ бөліну жағдайы орын алған, сол себепті жұмысшының бірі есінен танып, кәріз сорғы станциясының түбіне құлаған. Қасында болған жұмысшылар оны құтқарамын деп, өздері улы газбен уланып, естерінен танып қалған.

Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы