ЭКСПО – ұлт мақтанышы | Print |
28.07.2017 11:28

Нақты кезеңде Қазалы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 101 қызмет алушыға жеті бағытта арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Білікті маман Жаңабай Жәкенов басшылық жасайтын мекеменің ауласындағы жайқала өскен алуан гүлдер, саялы талдар мен жеміс ағаштарына еріксіз сүйсінесіз. Мұнда 124 жұмысшы-қызметкер еңбек етеді.

Орталық он сегіз жастан асқан қамқорлықты қажет ететін І, ІІ топтағы психикикалық ауытқуы бар мүгедек жандарға үй жағдайына жақындатылған жасы мен денсаулық жағдайына бейімделген қызмет көрсетеді. Олар үшін күнделікті монша жағылып, жеке басының гигиеналық тазалығы, киім-кешектерінің уақытылы ауыстырылуы, тұрмысқа қажетті заттарының дұрыс пайдалануы жауапты мамандардың жіті қадағалауында болады. Бөлме сайын желдеткіш орнатылып, отандық телеарналарға қосылған теледидарлар қойылған. Тәулігіне бекітілген ас мәзіріне сай бес мезгіл тамақ беріледі. Дәрігердің тағайындауымен ем-дом қабылдап, туыстарымен жүздесуге де мүмкіндік мол. Қызмет алушылармен үйірме жұмыстары жүргізіліп, мәдени шаралар өткізіліп тұрады.

«Жуырда орталықта «ЭКСПО – ұлт мақтанышы» тақырыбында үйымдастырылған кездесу кеші тартымдылығымен ерекшеленді. Бұл күні елордамыз Астанадағы халықаралық көрмеге барып қайтқан бір топ қызметкерлер ұжым мүшелеріне өздері куә болған жайттарды слайд арқылы көретіп, әңгімелеп берді. Жүздесуге көпшілік асқан қызығушылық танытты», - дейді аталмыш орталықтың мәдени үйымдастырушысы Жұбаназар Абуов.

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы қаласы