«Қазақстанда жасалған» республикалық көрмесіне Қызылорда облысынан 12 компания қатысып жатыр | Print |
28.07.2017 17:00

Бүгін, яғни 28 шілдеде Астана қаласындағы «Көрме» көрме орталығында «Ұлы дала елі» III отандық өнім өндірушілер Форумы өтті. Басты мақсаты отандық өнім өндірушілер мен тұтынушылар арасында сапаны жақсарту, өнім сатылымын алға жылжыту мен экспортқа шығу мүмкіндіктері секілді тақырыптарды талқылайтын ашық алаң ұйымдастыру болып табылады.

Форум аясында 28-30 шілде күндері қазақстандық өнім өндірушілердің III «Қазақстанда жасалған» республикалық көрмесі және «Қазақстанның Үздік тауары» республикалық конкурс-көрмесі де өтеді.

«Қазақстанда жасалған» көрмесіне Кызылорда облысынан «Бизнестің жол картасы 2020» Бірыңғай бағдарламасы аясында қолдау алған 12 шағын және орта бизнес кәсіпорындары қатысады.

Форумда сөз сөйлеген Шиелі ауданынан келген кәсіпкер Айткүл Әбдіқадырова өз тарапынан кең ауқымды іс-шараның маңыздылығын атап өтті.

- Мен бизнесімді көп кәсіпкерлер секілді саудамен айналысудан бастадым, бүгінде мемлекеттік қолдау арқылы бизнесімді әртараптандырып, өндіріспен айналысуды қолға алдым. Қазіргі таңда менің компаниям қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану мен балаларға арналған мектепке дейінгі мекемелер ұйымдастыру және кондитерлік өнімдер шығару секілді бірнеше саланы табысты жүзеге асырып келеді. Ескере кетсем, «Даму» Қорының көмегімен пластикалық заттар шығаратын цех ашуға жұмсалатын несие алу үшін өтініш бердік. Өз өнімдерім мен қызметімді бүкіл республикадан келген өкілдерге таныстыруға мүмкіндік берген көрмені ұйымдастырушыларға өз алғысымды білдіремін, - деді ол.

Жаңақорған ауданының жас кәсіпкері Ләззат Төлегенова астаналық тұрғындарға кондитерлік және нан өнімдерін ұсынды. Оның «Несіпкүл» атты кондитерлік цехы үш жыл бұрын ғана ашылса да, бүгінде Жаңақорған ауданындағы үздік кәсіпорындар қатарында. Ләззат Төлегенованың цехындағы барлық тағамдар тек табиғи қоспалар мен өнімдерді пайдалана отырып, қолмен жасалады. Сондай-ақ көрмеде тамақ өнеркәсібінен біздің аймақтан ЖК «Ұста Сәмі» және ЖК «Шашауова Мейрамкүл» компанияларпы да өз өнімдерін ұсынды.

Көрмеге келушілерге Шиелі ауданынан барған Гүлмира Шакированың тігін цехынан шыққан сапалы текстиль өнімдерін бағалау мүмкіндігі туды. Қазіргі таңда оның тауарлары тек Шиелі ауданында ғана емес, сонымен қатар Қызылорда қаласының нарығында да сатылып жатыр. Бизнестің осы саласынан өз туындыларын көрсеткен өзге де қызылордалық компаниялар, яғни ЖК «Мырзақұлова», «Қарлығаш қолөнершілер орталығы» Үкіметтік емес коммерциялық емес мекемесі және келушілерді ұлттық нақышта тігілген тігін өнімдерімен таңғалдырған ЖК «Алтынай» болды.

Қармақшы ауданынан келген «Мир-2001» компаниясы көрмеде жоғары сапалы құрылыс материалдарымен таныстырды. «Даму» Қорымен бірлесе әріптестік жұмыс жасаудың арқасында компания шығаратын өнім көлемінің 15%-ға өсуі байқалды. Қызметкерлердің орташа жылдық саны 20%-ғ, ал бюджетке төлегентін салық көлемі 10%-ға артты.

Көрмеге белсенді қатысқан Қызылорда облысының компаниялары қатарында «Қызылорда-Қанағаты» ЖШС, «Zere Group Construction» ЖШС, ЖК «Beauty corp.kz» және ЖК «Art-Design» болды.

Көрме қонақтарын өз тауарлары мен қызметтерін ұсынған отандық өндірушілердің өнімдерін бағалауға үлкен таңдау, дәмін татып көру, қызықты мастер-класстар және күн сайын сағат 16.00-де өткізілетін бағалы сыйлықтар ұтыс ойыны да күтуде.

«Даму» Қоры облыстық филиалының баспасөз қызметі