МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ БЕДЕЛІНЕ НҰҚСАН КЕЛТІРГЕН | Print |
17.08.2017 10:32

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Берікбол Бай­қожаев­ БАҚ өкілдеріне брифинг берді. Басқосу барысын­да мемлекеттік қызметшілердің әдеп норма­ла­рының сақталу деңгейі сөз болды.

- Жалпы, Әдеп Кодексіне сәйкес, мемлекеттік қызмет­шілер өзінің іс-әрекетімен, мінез-құлқымен қоғам  тарапынан  сынға  себепкер  болмауы  тиіс,- дейді Берікбол  Ұзақұлы.

Алайда нақты деректердің мемлекеттік қызмет­шілер  жасаған теріс қылықтарды жасыра алмайтыны тағы бар. Оның айтуынша, биылғы алты айдың өзінде  басшы лауазымындағы екі мемқызметкер Әдеп кодек­сі талаптарын бұзған. Іс қаралған соң кінәлілер тәр­тіптік жауапкершілікке тартылған. Жүргізілген жұмыс­тар­дың нәтижесінде мемлекеттік қызметтегі азаматтардың ойын-сауық орындарында, табиғат аясында алкого­льдік ішімдіктердің жанында түсіп, әлеуметтік желіге салынған 50-ге жуық суреті анықталды. Бір ғана мысал, Сырдария ауданы Шаған ауылдық округінің жетекші маманы Қ.Ізімбаев құмар ойы­нын (карта) ойнап жатқан суретін «Мой мир» әлеуметтік желісіне орналастырыпты. Осындай деректерге сәйкес ұсыным­дар негізінде 18 мемлекеттік қызметші ескерту,­ сөгіс түрінде жаза алған. Осылайша мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін суреттері әлеуметтік желіден алынып тасталынған.

- 2017 жылдың мамыр айынан бастап «Жолдағы сыбайл­ас  жемқорлықты төмендету бойынша 10 қадам» жобасы аясында мемлекеттік қызметшілердің қызметтік автокөлік құралдарын қызметтік емес мақсат­та пайдалануына және қызметтік өкілет­тілігін теріс пайдалануына жол бермеу мақсатында мобиль­дік топ құрылып, бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді, - деді  Б.Байқожаев.

Ал тілшілер тарапынан қойылған «Қазалы ауданы басшыларының қызметтік көлікті мақсатсыз пайдалануы» туралы  сауалға департамент басшысының орынба­сары «Бізде мұндай дерек тіркелген жоқ. Алайда­  алдағы  уақытта тексеріс  жүргізілетін  болады»  деп  жауап  берді.

Жазира  БАҒЛАН