ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА МЕКТЕПТЕР АШЫЛДЫ | Print |
24.08.2017 17:52

2017-2018 оқу жылы қарсаңында Қызылорда облысында жаңа мектептер ашылды.

Жаңа оқу жылының қарсаңында Арал, Қазалы аудандарында бірнеше маңызды әлеуметтік нысандардың салтанатты ашылуы өтті. Оған Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысты.

Ол алдымен Арал ауданы Аманөткел ауылдық округі Аққұлақ елді мекеніндегі жаңа мектептің, бұдан бөлек жаңа балабақшаның ашылуына қатысты.

Содан соң облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов Ақжона ауылдық округі Майдакөл ауылындағы жаңа №98 орта мектептің ашылуына қатысты. Жаңа ғимарат екі  қабаттан, екі блоктан тұрады. Онда оқу бөлмелері, спорт зал, медициналық бөлме, шаруашылық бөлмелері, әкімшілік, мұғалімдер бөлмесі, гардероб, 80 орындық асхана, 120 орындық мәжіліс залы, жалпыға және мүгедектерге арналған әжетхана, жуынатын бөлмелері қарастырылған.

Шара барысында Ақжона ауылдық округінің әйелдер кеңесінің төрайымы, мектептің бұрынғы директоры, ардагер-ұстаз Күләш Сұлтанқызы ауыл тұрғындары атынан алғыс білдірді.

- Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алдымызға 2020 жылға дейін орындалуға тиісті басты 3 міндет қойған болатын: үш ауысымдық және апаттық мектептерді жою мен 3-6 жастағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту. Алдымен, үш ауысымдық мектептерді түбегейлі жоюға қол жеткіздік. Содан соң, өздеріңіз білетіндей, облыс бойынша 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етуді мерзімінен бұрын 100 пайызға орындадық. Мұнда мемлекеттік-жеке әріптестікті дамытудың үлесі басым екенін айту керек,- деді Р.Рүстемов.

Осы күні Қазалы ауданында да 2017-2018 оқу жылы қарсаңында бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Әйтеке би кентіндегі №216 орта мектепке қосымша құрылыс жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Мектеп ауласында дизельді электростанция, спортзал, асхана, шеберхана орналастырылды.

Қазалы ауданы Шәкен ауылдық округі Шилі ауылындағы №259 негізгі мектеп ашылды. Ғимарат екі қабаттан тұрады. Онда оқу бөлмелері, мұғалімдер бөлмесі, медициналық бөлме, шеберхана, мультимедия және лингафон кабинеттері, шаруашылық бөлмелері, гардероб, 32 орындық асхана, 40 орындық акт залы, жалпыға арналған әжетхана, жуыну бөлмелері қарастырылған.

Шара барысында ауыл ардагерлері тұрғындар атынан аймақ басшылығына келешек ұрпақ игілігі үшін атқарып жатқан жүйелі жұмыстарға алғыстарын білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, Қызылорда облысында үш ауысымдық білім беру жүйесі жойылып, 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту мәселесі шешілді. Жыл соңына дейін апатты жағдайдағы мектептер санын толықтай шешу жоспарланып отыр.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі