АРАЛ АУДАНЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР НЫСАНДАР АШЫЛДЫ | Print |
02.02.2018 10:02

Арал ауданының орталығында өрт сөндіру қоймасы мен сауда орталығы жұмысын бастады.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Арал және Қазалы аудандарына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында өрт сөндіру қоймасының ашылуына қатысып, жаңа сауда орталығының жұмысымен танысты. Сондай-ақ аудан әкімдерінің халық алдындағы есепті кездесулеріне қатысты.

Әкімшілік ғимаратын, оқу-жаттығу алаңдарын және кеңселік кеңістікті қамтитын №3 өрт сөндіру мекемесінің жаңа ғимараты республикалық бюджеттен қаржыландырылады.
Облыс әкімі өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкерлерін жаңа ғимараттың пайдалануға берілуімен құттықтап, «төтенше жағдайлар органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында барлық талаптарды қанағаттандыратын өртке қарсы заманауи ғимарат салынды» деп атап өтті.
Сондай-ақ, қойма қызметкерлерін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кішкене Айбосынов құттықтады.
Сонымен қатар, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында аудан әкімдігі мен кәсіпкерлері әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойды. Оған ардагерлер үйінің құрылысы, «Тағзым алаңы» және спорт кешені, балаларды тасымалдауға арналған және «Жедел жәрдем» көліктері қарастырылған.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Арал қаласында 2017 жылдың соңында салынған «Ер-Ай» сауда орталығының жұмысымен танысты. Жалпы ауданы 4300 шаршы метрді құрайтын кешеннің аумағында сауда павильондары, асхана, зертхана мен қоймалар орналасқан.
Жергілікті кәсіпкер Берік Жандәулетов жұмысын жаңадан бастаған жерлестеріне қолдау көрсету мақсатында сауда орындарын 5 айға дейін ақысыз жалға беріп отыр.
Содан соң, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың есеп беру кездесуіне қатысты.
«Биылғы жыл облысымыз үшін нәтижелі жыл болды, дегенмен қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалуға болмайды. Мысалы, соңғы 5 жылда Арал ауданында 5 балық зауыты іске қосылып, өндірілген балық өнімдерінің экспорты 8 есеге өскен. Бүгінде ауданда 8 балық зауыты жұмыс істеуде. Оның ішінде, 3 балық өңдеу зауыты «Еврокод» белгісін иеленіп, өнімдері Ресей, Қытай, Германия, Дания, Голландия, Польша, Грузия, Әзірбайжан, Өзбекстан елдеріне экспортқа шығарылды. Бүгінде біз жаңа уақытта өмір сүріп жатырмыз және ол біз ұстануға тиіс ережелерді талап етеді. Елбасының Жолдауында басты міндет  барлық салаларды цифрландыру болып табылады және табысты даму үшін біз жаңа үрдістерді ұстануымыз керек. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар, сондықтан Жолдауды жүзеге асыру әрқайсысымызға байланысты»,- деді облыс әкімі.
Күннің екінші жартысында Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаевтың кездесуі болып өтті.
Аймақ басшысы, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің нашар емес екендігін атап өтті. Мысалы, соңғы 5 жылда ауданда 31 әлеуметтік нысан бой көтеріп, 57,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Биылғы жылы басқа да бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жалғасады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі