Шағын кәсіпкерлік жанданады | Print |
05.02.2018 12:27

Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев аудан тұрғындарының алдында қорытынды есеп берді. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Нұрлан Тілешев арнайы қатысты.

Өз баяндамасында аудан әкімі өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына қоса, алдағы міндеттерді де жеткізді. Қазалыда «Нұрлы жер» бағдарламасымен алты көпқабатты үйдің құрылысы басталса, алда қала мен кент аралығынан тағы да тұрғын үйлер салу жоспары тұр. Сондай-ақ «Орда» жол картасы бойынша ұзақ мерзімді несиемен тұрғын үй алғысы келетін азаматтардың тізімі жасақталуда. Осылайша тұрғындардың жер алудағы кезектілігі азайып, тұрғын үй бойынша да өтініштердің санын төмендетуге мүмкіндік туындайды.

«Аудан экономикасын арттырудың бірден-бір тірегі кәсіпкерлік саласы екені белгілі» деген Мұрат Нәлқожаұлы жыл ішінде өнеркәсіп кәсіпорындарында 11,8 млрд теңгенің өнімі өндірілгенін, мұның өзі өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 5,4 пайызға артық екендігіне тоқталды. Әкімнің сөзінің жаны бар сынды. Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының алғашқы бес жылдығында 17 жоба толық іске қосылып, 212 жаңа жұмыс орны ашылыпты. Ағымдағы жылы аталмыш бағдарлама аясында «РЗА» АҚ-ның ірі қара өсіру кешені мен сүт зауыты II кезеңін іске асыру арқылы мал басын 1200 басқа ұлғайтуды жоспарлап отыр. Осынау жобалардың нәтижесінде салада өндірілген өнім көлемі 103 пайызға жетті. Алайда кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік мұнан да жоғары. Өңірдегі түрлі жерасты кен қазбалары, ірі корпорациялар болмаса да шағын кәсіпкерлікті дамыту бойынша Қазалы ауданы облыста алдыңғы қатарда тұр. Оған қоса тұрғындардың, әсіресе ауыл халқының кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті екені байқалады.

Алғашқы кезекте ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту жұмысын жандандырамыз деген М.Ергешбаевтың пікіріне елең ете түскен едік. Бұл үшін әр ауыл бойынша сараптама жасалып, қай ауылдың қандай кәсіп түріне икемділігі анықталып, жобалар дайындалған. Тіпті, оларға кететін қаржысына дейін есептеліп, соған сәйкес кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі арнайы «Жол картасы» қабылданғанын естігенде көңіліміз жылыды.

«Тек жұмысты ұтымды үйлестіруіміз керек. Мемлекет тарапынан тиісті қолдау бар. Оның үстіне биыл облыс бойынша «Кәсіпкерлікті қолдау жылы» болып жарияланды. Бұл кәсіппен айналысам деушілердің сенімін нығайтады» деген әкімнің лебізі кездесуге келгендердің көңілінен шыққанын соғылған шапалақ үнінен аңғардық.

Есепті мерзімде Бірлік, Лахалы, Майдакөл, Шилі, Шәкен елді мекендерінен мектеп, Жалаңтөс батыр ауылынан ауылдық клуб пайдалануға берілді. Жуырда Әйтеке би кентіндегі 150 орындық орталық аудандық аурухана және сот ғимараты іске қосылғаны баршаға аян. Ал жыл соңына дейін 5-квартал аймағынан 300 орындық мектеп, Жанқожа батыр ауылынан спорт кешенінің құрылысы аяқталады деп күтілуде. Ағымдағы жылы аудан орталығынан 600 орындық мәдениет үйі, аудандық мекемелер үйінің ғимараттары, «Шағала» лагерінің құрылысына ұсыныс берілген. Егер қолдау тапса нысандардың құрылыс жұмыстары осы жылы басталмақшы. Сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде Өркендеу ауылынан дәрігерлік амбулатория салынатын болады. Қазалы – ауыл шаруашылығына бейімделген аймақ. Аталмыш салада мемлекеттік қолдаумен бірқатар жұмыстар атқарылған. Нақты дерекке жүгінсек, жыл ішінде салаға тартылған негізгі инвестиция көлемі 189 млн теңгені құрапты. Есепті кезеңде 10,2 млрд теңге көлемінде өнім өндіріліп, өткен жылы салаға 1 млрд теңгеден астам субсидия төленген. Өткен жылы 17 355 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған болатын. Аудан диқандары басты дақыл саналатын күріштің әр гектарынан 45 центнерден өнім жинап, қамбаға 30 мың тоннадан астам астық құйған. Қуанышты жайтпен бөліссек. Қазалы қаласы, Бозкөл, Көларық, Тасарық, Мұратбаев, Майдакөл, Өркендеу, Арықбалық ауылдық округтеріне су айдайтын насос алып берілсе, машина трактор паркі 27 дана ауыл шаруашылығы техникалары және жабдықтарымен жаңаланды. Биыл сол жағымды жаңалықтар жалғасын таппақшы. Ауыл шаруашылығы құрылымдарына 25 дана техника мен құрал-жабдықтар алынбақшы. Күріш егісінің көлемі 6950 гектар деп межеленсе, сұранысы жоғары «Торем Хошеми» сортты күрішін 150 гектар жерге ұлғайтып егу жоспарланған. Сондай-ақ, өткен жылы 1050 гектар жерге бақша дақылдары егіліп, 14538 тонна өнім алынды. Алынған өнім көрші Арал, Қармақшы аудандары мен Ақтөбе, Астана, Байқоңыр қалаларына сатылып, Ресейге 552 тонна қауын-қарбыз экспортқа шығарылды. Биыл да бау-бақша егу қарқын алатын болады.

Мұнан соң залдан түскен ұсыныс-пікір, сауалдарға кезек берілді. Жиынға қатысушылар Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаевтың жылдық есебін оң бағалады.

Жұмабек Табынбаев