Жастар жанды дауыста ән шырқады | Print |
06.02.2018 16:06

Өткен сенбіде А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Мереке» вокалды аспапты ансамблінің «Сырдария-Жырдария» атты концерті өтті. Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына арналған ән кеші Сыр бойы сазгерлерінің шығармашылығына арналып, орындаушылар жанды дауыста ән шырқады. Концертте К.Дүйсекеев, Ж.Сейдоллаұлы, Ғ.Дауылбаева, С.Ұлықпанов, Б.Батпанов, Т.Нағашыбаев, P.Тайманов, К.Өтепов секілді көптеген қызылордалық сазгерлердің әндері орындалды.

Сонымен қатар, конақ ретінде шақырылған композиторларға тосыннан сұрақтар қойылып, өнер өкілдерінің жан сарайын ашуға талпыныс жасалды. Кеш барысында талантты музыкант Б.Батпанов өзінің «Жыл құстары» атты әнін тыңдармандардың сұранысы бойынша орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді. 10 жылдан астам теміржол саласында еңбек ететін сазгер музыкада ешқандай шекара жоқ екенін айтып өтті. Сондай-ақ, ол өнерге деген махаббаттың көрінісін ән арқылы білдіруді мұрат тұтатынын, шынайы өнерге деген халықтың көзқарасы жоғары болатынын жеткізді.

- Осындай шаралардың қолға алынуы жастарға, өнер қуған жеткіншектерге шабыт сыйлайды әрі Сыр өңіріндегі композиторлардың жаңа бір тынысын ашады деп ойлаймын. Сондықтан, осы мазмұндас шаралар көп болса екен деген тілегім бар. Ұйымдастырушыларға алғысым ерекше, - дейді Б.Батпанов.

Концертте сонымен қатар «Мереке-думан» халықтық әзіл-сықақ театры да бой көрсетті. Әртістер Жанар Болатбекованың «Нағашы мен жиен», Серік Төлеповтың «Оралман мен молда» атты интермедиясын көрсетіп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Мерекелік кештің жоғары деңгейде өтуіне Ұлбосын Мәнтаева, Әзімхан Төлегенов, Айгерім Өмірбек секілді жас әншілер атсалысты.

«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған концерттің мақсаты – әрбір азаматтың өз туған тарихы және ән-күйіне деген құрметін арттыру, сонымен бірге аймақтардағы мәдени өмірге қолдау білдіру» дейді ұйымдастырушылар.

Ерсін  ШАМШАДИН,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың

4-курс студенті