Қызылордада бизнес-омбудсмен аппараты 228 кәсіпкердің құқығын қорғап қалды | Print |
08.02.2018 15:00

Қызылордада Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері – бизнес-омбудсмен аппаратының өкілдері 2 жылда 228 кәсіпкердің құқығын қорғап, кәсіпкерлердің 600 млн теңгеден астам қаржысын сақтап қала алды. Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары – Бизнес-омбудсменнің Қызылорда облысы бойынша сектор меңгерушісі Ғалым Едігеев айтты.

«Бизнес-омбудсмен институты елімізде 2016 жылдан бастап жұмыс істейді. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің құқықтық мәртебесі Кәсіпкерлік кодексінде айқындалған. Осыдан-ақ, аталмыш институттың мәртебесінің жоғары әрі кәсіпкерлердің құқығын қорғауда маңызды рөл атқаратындығын байқауға болады. Жалпы, бизнес-омбудсменнің қызметін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қамтамасыз етеді. Бизнес-омбудсмен аппараты құрылған сәттен бастап біздің өңірде Кәсіпкерлер палатасына 465 кәсіпкер құқығын қорғауды сұрап, өтініш білдірген. Біз олардың 228-інің құқығын қорғай алдық. Нәтижесінде кәсіпкерлерге жұмыс жасауға кедергі келтірген 50 лауазымды азамат тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - дейді Бизнес-омбудсменнің Қызылорда облысы бойынша сектор меңгерушісі Ғалым Едігеев.

Құқығы бұзылып, кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрап келген кәсіпкерлердің бірі – жеке кәсіпкер Аблан Асенов. Ол 2016 жылы Сырдария ауданына қарасты Тереңөзек кентінен жалпы көлемі 1 гектар және 0,13 гектар екі жер телімін алады. Алайда Қызылорда облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы сол жылдың қазан айында кәсіпкерге аталмыш жер телімін нысаналы мақсатында пайдалану туралы нұсқама беріп, ал 2017 жылы кәсіпкердің құжаттарын тексерместен, сырттай бақылау тәсілімен мақсатсыз пайдаланды деген қорытынды шығарып, Сырдария аудандық сотына берген.

Кәсіпкердің өтінішіне сәйкес Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері іспен жан-жақты танысып, сотта кәсіпкердің құқығын қорғап қала алды. Қорғап қана қоймай, кәсіпкердің құқығы мен заңды мүддесін шектеген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы Сырдария аудандық прокуратурасына ұсыныспен шыққан болатын. Аудандық прокуратура да Қызылорда облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы қызметкерлерінің әрекетін негізсіз деп танып, аталмыш мемлекеттік орган басшылығына жауапкершілігін қарау туралы ұсыныс берді.

Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ғалым Едігеев: «Біз ендігі кезекте кәсіпкердің құқығын қорғап қана қоймай, құқығын шектеген лауазымды тұлғаларға қатысты осындай қатаң шаралар қабылдауға мәжбүрміз. Себебі, мұндай жайтта кәсіпкер қаншама уақытын жоғалтып, әуре-сарсаңға түседі. Бұдан былай кәсіпкердің жұмысына кедергі келтірген лауазымды тұлғалардың аты-жөнін жариялайтын боламыз», - деді.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатастының баспасөз қызметі