Мұқағали – мәңгілік ғұмыр | Print |
09.02.2018 10:01

Орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімнің ұйымдастыруымен Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында өткен әдеби-сазды поэзиялық кеш осылай аталды. Мұқағали Мақатаевтың өрісті ой, өшпес көркем мұрасын оқырмандарға ұғындыру, мәнерлеп оқу шеберлігін шыңдау мақсатын көздеген шара №216 мектептің, №226 мектеп-гимназияның, №249 мектеп-лицей оқушыларының және Қазалы гуманитарлық-техникалық колледж студенттерінің қатысуымен өткізілді.

Кеш барысында шығармашыл оқушылар қауымы Мұқағали Мақатаевтың сарқылмайтын шабыт пен сағынышқа толы жырларын тебірене оқыса, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Жұмабек Табынбаевтың «Ақынмен ашық сырласу» атты арнау өлеңін №216 мектептің оқушысы Қани Ескендір көрермендерге шебер жеткізді.

Әдеби кеште ақиық ақынның өз дауысымен оқылған өлеңдері тыңдалып, кітап көрмесі мен ақын шығармасы мен өмірбаянынан сыр шертетін слайд-шоу қатысушылар назарына ұсынылды. Сонымен қатар, заманауи жаңаша бағытта караоке ұйымдастырылып, ақынның әндері көтеріңкі көңіл күймен орындалды. Кеште кітапхананың тұрақты оқырманы, Білім беру ісінің үздігі Қадірбек Бекетов, «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Әшір Нұрбибі, №249, №70 мектептің мұғалімдері Жанна Әбішева, Бақыткүл Жайшылықова, кітапханашы Элмира Ақниязова және басқалар жылы лебіздерін білдірсе, №216 мектептің мұғалімі Құралай Асаубаева әдемі әндерінен шашу шашып, оқырмандарды серпілтіп тастады.

Шара соңында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Индира Назарова қонақтар мен ақын жырларын жатқа оқыған жастарға өз алғысын білдіріп, мақтау қағаздарын, сый-сияпаттар табыстады.

Ж.Айдарбекұлы,

Қазалы ауданы