ЖАНЫҢ АШЫҒАН СОҢ ҚАТТЫ АЙТУ КЕРЕК БОЛАДЫ | Print |
09.02.2018 10:48

Шиелі ауданы әкімі Әшім ОРАЗБЕКҰЛЫ:

Жауырды жаба тоқығанмен, жараның аты жара болып қалмақ. Немесе түсінікті тілде жазалық. Алтыннан жабу жапсаң да, жауыр боп қалар жауыр ат. Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы БАҚ өкілдеріне арналған брифингте осыған ұқсас, осы мәндес сөз айтты. Біз бар болғаны оны көркем тілмен жеткізіп отырмыз. Мәселе мынада. Өткен жылдың оныншы айында қызметіне кіріскен аудан әкімі «ауруын жасырған өледі» деген қағиданы ұстанып, мәселені ашық айтуды құп көреді екен. Иә, айғайлайтын жерде ауыз ашпаудың айып екенін біз де білеміз. Шиелідегі ісі кері кеткен салаларды, олқылықтарды аудан әкімінің өзі де айтып жүр. Ең бастысы, шиелілік басшы мәселенің мәнісіне терең бойлап, түйінді тақырыпты тарқатып, ши шыққан шулы шаруалардың шешімін табамын деп отыр.

Кез келген заттың да күнгейі мен көлеңке жағы болатынын ескеріп, кейбір саланың ақ-қарасын салыстырмалы түрде жазуды құп көрдік. Ауданда 2017 жылы тіркелген қылмыстар саны арғы жылмен салыстырғанда 9,7 пайызға төмендеген. «Төмендеді» деп жылы жаба салуға болар еді, бірақ... «Бір жақсысы, біздерде бәрі жақсы» деуге тағы болмайды. Бір жаманын айтуға ойланудың қажеті де шамалы. Мысалы, өткен жылы ауданда бұзақылық 49%-ға азайса, мал ұрлығы 35%-ға көбейіпті. Құдды бұзақылық жасайтындардың барлығы жапа-тармағай мал ұрлауға кіріскендей.

- Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін барлық ауылдарды аралап есеп беріп шықтым. Сол кезде бұл мал ұрлығы мәселесін ашып айттық. «Қай жерден кемшілік жіберіп отырмыз, қалай күресуге болады?» деген секілді сауалдарға жауап іздедік. Жалпы, мал ұрлығы бірнеше жағдайда көбеюде. Мысалы, ауылдарда пада мәселесі жолға қойылмаған. Сондықтан, біз осыны қолға алуды тапсырдық. Ұрланған малдардың көбісі түнгі малбазарда сатылуда. Қазіргі таңда малбазардағы сауданы күндізгі уақытқа көшіру мәселесін қарастырып жатырмыз, - деді Ә.Оразбекұлы.

Айтса, айтқандай-ақ, мал ұрлығының көбеюіне жайбарақаттық та себеп болғандай. Қорадағы малына ғана қарайлап, өрістегі малын өз бетінше жүргізіп қойған соң, барымташылар босып жүргенін қолды қылады. Жұртшылық ақ адал малын қолынан бермесе де, серкені өңгергендей жолынан алатындар да бар. Малының қашан жоғалғанын білмейтін тұрғындар қылмыстың тез ашылуына көмектесе алмайтыны бесенеден белгілі. Қысқасы, бұл мәселені аудан әкімі тікелей өз назарына алып отыр.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бұған дейін Шиелі ауданында «Құлан» бағдарламасына бірде-бір адам қатыспағанын және оған тікелей ауыл әкімдері кінәлі екенін айтқан болатын. Сол секілді, брифинг барысында аудан әкімінен алынған музыкалық аспаптардың неге әлі күнге пайдаланылмай жатқанын сұраған едік.

- Жалпы, бұл – осыдан 4-5 жыл бұрын болған оқиға. Мен оны мәдениетке серпін беру мақсатында мысал ретінде айттым. Яғни, 10 домбыраны жаңадан алып келсе, оның бірнешеуі сапасыз шығуы мүмкін. Сіздің айтып тұрғаныңыз – осы сынды мәселе. Кей жағдайларға жаның ашыған соң, қатты айту керек болады.

Жылдың аяғында ауданның мәдениет бөліміне жаңа басшы тағайындадық. Бірнеше ауылдағы мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өткізілді. Шиелілік өнерпаздар облыстық, республикалық байқауларда, сайыстарда алдыңғы қатардан көрініп жүр, - деді ол.

«Құлан» бағдарламасын қарқ қылмаса да, шиеліліктердің «Сыбаға», «Алтын асық» бағдарламалары арқылы жылдық жоспарды 2 есеге артық орындағанын айта кету керек. Жеке кәсіпкер С.Ермахановтың тәулігіне 400 литр түйе сүтін өңдейтін «Аруана» шұбат цехының өнімі аудан, облыс көлемінде сұранысқа ие болуына байланысты өткен жылы 61 млн теңге несие қаржыға цехтың құрал-жабдықтарын құрылымдап, тәулігіне 1 тонна шұбат және сиыр сүтінен қаймақ, йогурт, сүт, айран, сүзбе, құрт өнімдерін нарыққа шығаруда. Сондай-ақ, «Мөлдір және К» толық серіктестігінің жанынан құрылған «Шиелі құс» фермасының құрылысына 165 млн теңге инвестиция салынып, тәулігіне 10 мың дана жұмыртқа өндірілген болатын. Өткен жылы құс фермасын кеңейту мақсатында «Даму Аймақ» бағдарламасы арқылы екінші деңгейдегі банктен 33 млн теңге несие қаржыға құс фермасы кеңейтіліп, тәулігіне тұрақты түрде 20 мың дана жұмыртқа өндірілуде. Облыс әкімі Қызылорда облысында биылғы жылды «жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» деп жариялаған болатын. Мұнан кейін Шиелі басшылығы кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуге білек сыбана кіріседі деп сенеміз.

Ауданда жалпы білім беретін 41 мектепте 16517 оқушы білім алуда. Цифрлық білім беру жүйесін дамыту мақсатында 66 млн теңгеге 28 мектеп 134 дана интерактивті тақтамен қамтылса, аудандық бюджет есебінен 149 млн теңгеге 1, 2 ,5, 7-сыныптардың 143 мың дана оқулығы алынған. 2017 жылы аудан спортшылары облыстық жарыстардан 66 алтын, 43 күміс, 91 қола медаль алса, республикалық жарыстар мен ҚР біріншілігінде 48 алтын, 47 күміс, 34 қола медаль иеленді. Ұлттық құрама мүшелігіне 4 спортшы енген. 6 СП, 1 ХДСШ, 27 СПҮ және 15 бірінші разрядты спортшылар дайындалды. Аудан халқының денсаулығын жақсарту, аурудың алдын алу бағытында өткен жылы 154 млн 645 мың теңгеге заманауи медициналық құрал-жабдықтар алынған. Сонымен қатар, бірнеше ауылда медициналық нысандардың құрылысы жүргізілмек.

«Қазір көптеген ауылдарда шаштараз, монша, киім тігу цехтары жоқ. Мемлекеттік бағдарламаны пайдалана отырып, несие немесе гранттық қаржыларға осы кәсіп түрлерін қолға алуды жоспарлап отырмыз» деген аудан әкімі алдағы атқарар міндеттерімен де бөлісті. Бір байқағанымыз, аудан әкімі «өйтеміз, бүйтеміз» деп үйіп-төгіп уәде бере бермей, нақты іске кірісетіндей көрінді. Бұған дейін Шиеліде жоқ нәрсені жолға қойып, мәселе көтерсе, ол үшін Әшім Оразбекұлы кінәлі емес деп ойлаймыз. Ал, сөз басындағы «жауыр атты» жамап, жауып жатқан әкімдер бізде баршылық. Өйткені, өз ісін мінсіз етіп көрсететіндерден қорқып қалғанбыз...

Рыскелді  ЖАХМАН