Жат ағымнан сақтандырды | Print |
27.02.2018 12:41

Қалаға қарасты Тасбөгет кентінің тұрғыны төрт-бес досының үгіттеуімен өз орнын өзге ортадан тапқан. Иманының әлсіздігінен жат ағымның торына түскен. Алайда кеш болса да бұл істеп жүрген тірлігінің дұрыс еместігін түсініп, есін жияды. Бүгінде ол отбасының жанында. Бұл туралы Қызылорда облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханада өткізілген «Терроризм – жаһанға төнген зор қатер» атты дөңгелек үстелде Тасбөгет кентіндегі «Құддыс Ишан» мешітінің бас имамы Жеңіс Садықов айтты.

Алайда иманының әлсіздігінен түрлі діни ағымның шылауында жүрген өзге қаншама жан бар. Елімізде 2006 жылдан бері заңмен тыйым салынған экстремистік ұйымдардың қатарына өзге жастарымыз еніп кетпес үшін алдын алу мақсатында өткізілген шараға облыстық мәдениет басқармасының заңгері, зағип және нашар көретін азаматтар мен студенттер қатысты. Олар дөңгелек үстел барысында бірқатар сұрақтарын қойып, өзара пікір алмасты.