ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖЕКПЕ-ЖЕКТЕН ҚАЗАҚСТАН КУБОГЫ ӨТУДЕ | Print |
02.03.2018 16:46

"Евразия" спорт кешенінде жекпе-жек сайысынан ерлер мен әйелдер арасында ҚР кубогы өтуде. Облыста алғашқы мәрте ұйымдастырылған дүбірлі додаға Астана, Алматы қалалары және еліміздің облыстарынан 200-ге жуық спортшылар 17 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсуде. Олардың қатарында 4 ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 21 спорт шебері, 82 спорт шеберіне үміткер және 73 I разрядты спортшылар бар. Жарыс нәтижесінде мамыр айында Минск қаласы (Белоруссия) өтетін Еуропа чемпионатына қатысатын мықты спортшылар анықталады. Жарыстың салтанатты ашылуында облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. 
Сондай-ақ, айтулы спорт бәсекесі Астана қаласының 20 жылдығы, Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып отыр. Жарыс бағдарламасы бойынша ертең жартылай финал және финалдық сындар болса, 4 наурызда командалық жарыстың ұрыстары өтеді. 
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің диплом, медаль, кубоктары табысталады.

Лаура  Шоңғалова