Қала әкімі ұстаздар қауымын 8 наурыз мерекесімен құттықтады | Print |
06.03.2018 09:14

Кеше Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай ұстаздар қауымын құттықтады.

Мерекелік шараға қала мектептерінен 300-ге жуық ұстаздар және білім саласының ардагерлері қатыстырылды.

Ұстаздарды құттықтау барысында қала әкімі Н.Нәлібаев: «Бүгінгі қоғамда нәзік жандылар сан түрлі саланың қыр-сырын меңгерген.

Әсіресе, білім саласында ұлағаттылықтың ұлы жолын таңдаған ұстаздар қауымында – нәзік жандылардың алар орны ерекше.

Бұл сөзімнің бір ғана дәлелі, қазіргі таңда қала мектептерінде 6 мыңнан астам ұстаздар қызмет етсе, солардың 90 пайызын нәзік жандылар құрайды.

Бұл дегеніміз - әйел-ұстаздардың еліміздің ең басты байлығы адами капиталын дамыту жолында, яғни өскелең ұрпаққа білім беру жолындағы белсенділігі, беделі мен мәртебесінің көрінісі.

Расында, болашақ ұрпақтың бойына саналы білім нұрын құйып жүретін, жауапты да ұлағатты еңбек иелері - ұстаздар қауымының қашанда орны бөлек, тұғыры биік.

Тәуелсіз еліміздегі бейбіт тірліктің, мызғымас бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы да Өздеріңіз, аяулы арулар!» - дей келе, нәзік жандылардың қоғамдағы мәртебесі мен маңызына тереңірек тоқталды.

Шара барысында қала әкімі 20 ардагер ұстазға арнайы әзірленген сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыстап, білім саласында еңбегімен еленген 10 мұғалімді түрлі номинациялармен марапаттаса, 101 мұғалім қалалық білім бөлімінің грамоталарымен марапатталды.

Сонымен қатар, Сыр елінің бірқатар атпал азаматтары ҚР «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Ақпараттық-комунникациялық технологиялар, білім беру және инновация комитетінің Төрағасы Әбенов Мұрат Абдуламитұлы, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Шиповских Геннадий Геннадиевич, ауыр Атлетикадан Әлем және Олимпиада Чемпионы Илья Ильин сахнада орнатылған арнайы экран арқылы, ұстаздар қауымына деген жүрекжарды тілектерін жолдады.

Салтанатты жиын барысында жергілікті өнерпаздар барша қатысушыларға мерекелік көңіл күй сыйлап, аяулы жандарға әсем әндерін арнады.

Қатысушылардың барлығына қала әкімінің атынан гүл шоқтары табысталды.

Қала әкімінің баспасөз қызметі