Байыпты бастама | Print |
07.03.2018 11:00

Сыр өңірінде қоғамдық бақылау картасы іске қосылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысы Абзал Мұхимов және арнайы мониторингтік топтың басшысы Анар Ізден БАҚ өкілдеріне арналған брифингте айтты.

- Жобаның басты мақсаты – жол, әлеуметтік нысандардың құрылысы, көгалдандыру және өзге салаларда қоғамдық бақылауды орнату. Елбасының тапсырмасына сәйкес, 2018 жылдан бастап ауылдық елді мекендердің өздерінің дербес бюджеттері құрылып, жұмыс істеуде. Облыс бойынша 65 ауылдық елді мекеннің өз бюджеттері бар. Сондықтан осы мәселеде қоғамдық бақылау картасы жобасының маңызы зор және өзектілігі жоғары болып отыр, - деді департамент басшысы Абзал Сансызбайұлы.

Байыпты бастаманың ерекшелігі – қоғамдық бақылау картасын қалыптастыруда әлеуметтік желілер мен телефон байланысын пайдалану. Бұл – бірінші тәсіл. Екіншіден, бақылау картасы азаматтарға арналған «Qamqor» қосымшасы арқылы, үшіншіден, аудандарда құрылған арнайы мониторинтік топ арқылы жүргізілмек.

Департамент басшысы А.Мұхимов биылғы 22 ақпан күні жемқорлық жағдайын зерттейтін «Транспаренси Интернейшнл» халықаралық ұйымының сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексі бойынша 2017 жылдың ресми қорытындысы жарияланғанын айтты. Бұған дейін еліміз әлемнің 180 елінің арасында 130-орында болса, былтыр бұл көрсеткіш көтеріліп, 122-орынға жеткен. Яғни, Қазақстанның сыбайлас жемқорлық бойынша түйсіну индексі 2 ұпайға, 9 позицияға жақсара түскен. Бұл әлемнің өзге елдеріне қарағанда біздің мемлекетімізде сыбайлас жемқорлыққа деген көзқарас, оның алдын алу, болдырмау жағы артқанын көрсетеді.

Ж.Қойшыбекова