«Ару ғұмыр, сұлу өмір» | Print |
07.03.2018 17:51

Бүгін осы атпен Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік салтанатты кеш өткізілді. Мерекелік шарада облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов нәзік жандыларды мерейлі мерекелерімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Аруларға арналған мерекелік концерт облыстық филармонияның «Томирис» би ансамблінің биімен көркемделген «Ұлы дала арулары» атты прологпен басталды. Мерекелік кеште «Мұрагер» мектебінің балалары үш тілде Сыр елінің барша аналарын құттықтаса, оқушылар сарайының ер балалар хоры «Менің анам ең әдемі» әнін, ардагер аталардан құрылған әкелер ансамблі Қазақстан композиторларының әндерінен попурри, батыр аналардан құрылған «Бастаңғы» әжелер ансамблі халық әні «Ой, бұраң бел-ай» әніне фольк-рок композициясын, Сырдария ауданының «Сырдария» квартеті Ш.Қалдаяқовтың «Бәрінен де сен сұлу» әнін көрермен назарына тарту етті. Сондай-ақ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор Рамазан Тайманов Қ.Қазбековтың сөзіне жазылған өзінің «Махаббат көктемі» әнін орындады. Мерекелік шара облыстық филармонияның «Тұран» тобының орындауында Ш.Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әнімен қорытындыланды.

Салтанатты кешке Алматы қаласынан арнайы шақырылған «IL Canto» тобы мен эстрада жұлдызы Игорь Блогадарный ән шашуын тарту етсе, Тараз қаласынан алыс және жақын шет мемлекеттерге танымал «Аспара» сән үйінің «Неофольклор» топтамасы өздерінің сәндік киімдер көрсетілімін көрсетті.

Қызылорда халық шығармашылығы орталығы