«Заман-ай» драмасын ауыл көрермендері тамашалады | Print |
14.03.2018 09:28

Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театр ұжымы наурыз айының алғашқы күндері Шиелі ауданының көрермендеріне М.Серікбаевтың «Заман-ай» драмасын ұсынған болатын. Қазіргі таңда Жаңақорған ауданы мен сол ауданға қарасты ауылдардың көрермендері тамашалауда. Театр ұжымы жыл сайын аудан және ауыл тұрғындарына арнайы барып, спектакль қоюды дәстүрге айналдырған.

Енді М.Серікбаевтың «Заман-ай» драмасына қысқаша тоқтала өтсек...

Алпауыт өмірдің қандай сынақ дайындап тұрғанын біліп болмайсың. Жайбарақат өмір сүріп жатқан сәтте белгілі бір нәрсе сол тыныштықты бұзады кеп. Бұл өмірдің заңдылығы-ау шамасы. Ұлын қалаға аттандырып, артынан үлкен үмітпен қалған ата-ана. Жалғызының жан рақаты үшін жайлы өмірлерін тәрк етіп қалаға келгенде қандай жайтқа тап болды? Кімнің таңдауы басымырақ болып шықты? Ал, сіз сырттағы балаңыздың қандай тірлікпен айналысып жүргенінен хабарыңыз бар ма? Ауылдағы жайбарақат көріністен қаладағы нәһар тірлікке ауысатын спектакльде жаныңызға түйетін көп дүниенің бары анық.

Театр өнерін тек театр сахнасында ғана емес, сонымен қатар аудан және ауыл тұрғындарына да насихаттау жолында ұжым болып жұмыс жасалуда.

Алдағы уақытта, яғни сәуір айында театр ұжымы аталмыш спектакльмен Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш және Сырдария ауданы орталықтарына баруды жоспарлауда.

Балтай Жәрдесқызы,

Н.Бекежанов атындағы

қазақ музыкалық драма театрының

Ақпарат бөлімінің меңгерушісі