Қорқыныштан құтқарған қоныстой | Print |
14.03.2018 14:13

Бұдан былай Титов қыстағындағы №32 жатақхананың тұрғындары тұтастай қаладағы Жаппасбай батыр көшесінің бойындағы жаңадан салынған үйлерде тұратын болады. Бүгін облыс әкімі жалғыз баспанасы апатты деп танылған тұрғындарға, яғни 143 отбасына өз қолымен пәтер кілттерін табыстап, құттықтады.

Өздеріңіз білесіздер, ақпан айында Титов қыстағындағы №31 жатақхананың тұрғындар тұрмайтын бөлігінің кіреберісі құлаған болатын. Сол жағдайдан кейін арнайы комиссия құрып, тапсырма берген едім. Облыстағы 30, оның ішінде Қызылорда қаласындағы 22 жатақхананың бәрін тексерттік. Соның ішінде Титовтағы 131 пәтері бар №32 жатақхананы комиссия апатты жағдайда деп танып, сол жатақхананы да бұзу туралы шешім қабылдадық. Ал жатақхана тұрғындарына «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында «Дәнекер», «Орион ЛТД», «Астана Сервис» құрылыс компаниялары салған үйлердің кілтін табыстаймыз. Қадірлі жерлестер, қуаныштарыңыз құтты, жаңа баспана – жақсылықтың бастауы болсын. Түні бойы «ертең үйіміз құлап, астында қалып қоймаймыз ба?» деп уайымдап отыратын адамның жағдайы белгілі ғой. Өздеріңіздің әулеттеріңізге, ұрпақтарыңызға аманаттап жүрген жағдайдың бар қиыншылығы кетті. Соның бәрін шыдамдылықпен күткендегі қуаныштарыңыз ұзағынан болғай,- деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Аймақ басшысы құттықтау сөзден кейін өз қолымен тұрғындарға пәтер кілттерін табыстап, солардың ішінде осы уақытқа дейін бір бөлмелі пәтерде тұрған Раиса Ержанованың баспанасына арнайылап барды. Қуаныш иесінің мүмкіндігі шектеулі баласын қоныстойымен құттықтап, тілегін айтты, сый ретінде теледидар табыстады.

Салтанатты шара барысында аймақ басшысы биыл үш шағын ауданның инженерлік-инфрақұрылымдық объектілерінің құрылысы басталатынын айтты. Сондай-ақ Ғ.Мұратбаев көшесінен дарияның сол жақ жағалауына салынған көпірдің жалғасы ретінде Шіркейлі каналының үстінде жыл аяғына дейін тағы бір көпір салынып, ар жағындағы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізімен тікелей байланысатын болады. Сөйтіп, ескі Қызылорда Астананың үлгісімен бой түзеп, жасарып, жаңарады.

Жансая ЖҮНІСОВА,

Б.Есжанов (сурет)