ЕКІ АЙ БОЙЫ АДАМ КӨП ШОҒЫРЛАНҒАН НЫСАНДАРДЫҢ ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ ТЕКСЕРІЛЕДІ | Print |
03.04.2018 09:31

Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Омар Бержанов мәлімдеді.

Тұрғындар көп жиналатын орындар, 15 сауда үйі, оның ішінде "Жібек жолы" ойын-сауық орталығы, "Мұз айдыны" спорт кешені, "Арай" спорт-сауықтыру кешені және базарлардағы өртке қарсы қауіпсіздіктің сақталуына жоспардан тыс тексеру жүргізілмек.

Сонымен қатар, облыстағы 300-ден астам жеке балабақша да тексеріледі. Оқыс оқиға орын алғанда шаралардың дайындығы пысықталады. Отқа тез жануға бейім құрылыс материалдары, жоғары қабатта орналасқан ойын-сауық алаңдарының орналасуының да заңдылығына толық тексеру жүргізіледі. Өткен жылы осы нысандарды тексеру  кезінде 86 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылғандығы анықталған еді. Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Омар Бержановтың айтуынша, жоспардан тыс тексеру 2 ай уақытқа созылмақ.

Сондай-ақ, қалада 20 наурыздан бастап тазалық айлығы басталды. Осыған орай, тұрғындар тарапынан өрт қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамау қажеттігі ескертілді.

"20 наурыздан бүгінге дейін 52 рет өрт сөндірушіге дабыл қағылған. Оның 7-еуі өрт болса, 45 өртке жатпайтын жану орын алған. Қураған шөптерді өртеудің соңы жалынға ұласқан. Желдің күшті болуынан тіптен қора, одан қалды, 2 автокөлік өртенген. Сенбілікке шыққандар шөпті өртегенде мұқият болса дейміз", - деді О. Бержанов.

Өңірлік коммуникациялар қызметі