Сыр спортының салмағы басым | Print |
03.04.2018 14:57

Бүгін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Әкімов БАҚ өкілдеріне арнап брифинг берді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиынға басқарма басшысынан бөлек, таеквондодан Қазақстан чемпионы Айнұр Есбергенова, дзюдодан Азия чемпионатының күміс жүлдегері Адия Сайын, каратэ-додан әлем чемпионы Нұржан Ақпанбет, киокушинкайкан каратэден жастар арасында әлем чемпионы Айбек Шаукилов және ММА-ден жастар арасындағы әлем чемпионы Ғани Әділсерік секілді өз саласының үздіктері қатысты. Брифинг барысында спортшылар да сөз кезегін алып, жетістіктері турасында ой қозғады.

Жалпы, дене шынықтыру мен спортты дамытудың негізгі көрсеткіші тұрақты дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар санын ұлғайту болып табылады. Осы орайда Елбасымыздың бұқаралық спорт түрлерін дамытуды тапсырғанын айтпай кетуге әсте болмайды. Бұқаралық спортты одан әрі дамыту үшін бүгінгі таңда мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде бюджеттен 113,7 млн теңге бөлініп, 282 спорт нұсқаушысы 138 елді мекенді қамтып, 41040 мың адамды тұрақты дене шынықтырумен шұғылдануға баулып келеді.

- Облыста осы күні жоғарғы білікті спортшылар және спорт резервін әзірлеу бағытында Олимпиада резервін даярлау орталығы, спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі және 21 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері жұмыс жүргізуде. Cпорт мектептерінде 18287 оқушы 35 спорт түрімен шұғылданады, - деді басқарма басшысы Олжас Азатұлы.

Айта кетейік, 2017 жылы облыс спортшылары ҚР чемпионаттарында 797 медальды (204-і – алтын, 248-і – күміс, 345-і – қола) жеңіп алды. 2016 жылмен салыстырғанда 102 медальға артып отыр. Ал Азия, Әлем чемпионаттарында – 92 медальды (28-і – алтын, 27-сі – күміс, 37-сі – қола) иеленді. Бұл көрсеткіш 45 медальға артты. Биылғы жылдың 1-тоқсанында облыс спортшылары ҚР чемпионаттарында 339 медальға (105-і – алтын, 91-і – күміс, 143-і – қола) ие болды.

Спортшылардың жетістіктерін, жеңістерін ақпараттандыру, өзгеге үлгі ету басқарма басшылығында толықтай шешімін тапқан деуге болады. Өйткені, бүгінде облыстағы дене шынықтыру және спорт басқармасы қарамағындағы спорт мекемелерінің сайты ашылып, жұмыс істеп тұр. Мұны өз кезегімізде Сыр спортындағы жаңашылдық, ел спортына деген қамқорлық деп түсіндік.

Рыскелді  ЖАХМАН