Сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафон өтті | Print |
05.04.2018 14:39

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама мен мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдығы, сондай-ақ, Астана қаласының 20 жылдығына орай Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің, Қызылорда қаласы әкімдігі мен облыстық жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақта «Адал жол - честный путь» сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафоны өткізілді.

Аталмыш марафон облысымызда барлық аудандарды қамти отырып, алғаш рет өткізіліп отыр. Марафонға мемлекеттік орган қызметшілерімен қатар, жастар, үкіметтік емес ұйымдар және қоғамдық ұйым өкілдері белсенді қатысты. «Адал жол – честный путь» марафоны Қызылорда қаласынан бастау алып, эстафета ретінде аудандарға беріліп отырады. Марафон аясында облыста лекциялар, пікірталас алаңдары, дөңгелек үстелдер, кездесулер, конференциялар, автошерулер және өзге де шаралар өткізіледі. Әр аудан жемқорлыққа қарсы іс-шаралар өткізіп, халықты жемқорлыққа қарсы тұруда күш біріктіруге шақыратын болады.

Этафета алауы ретінде эстафета туы мен өткізілген іс-шаралар туралы ақпарат пен тілектер жазылған кітап берілді.

«Адал жол – честный путь» марафонын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Абзал Мұхимов пен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы Төрағасының орынбасары Ибадулла Құттықожаев ашты.

Марафон аясында Сыр елі жастарының жемқорлыққа қарсы флэшмобы өткізілді. Флэшмобқа 200-ден аса жас студенттер қатысты. Биыл - атаулы жыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың 20 жылдығы. Осыдан 20 жыл бұрын, яғни 1998 жылы алғашқы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңы қабылданып, жемқорлыққа қарсы тұрудың құқықтық негіздері қаланды. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама мен мемлекеттік қызметтің 20 жылдығына және Астана қаласының 20 жылдығына орайластырып ерекше белгі ретінде 20 автокөліктен тұратын жемқорлыққа қарсы автошеру ұйымдастырылып отыр. Автошеру бүгінгі марафон туын желбіретіп, Арал ауданына жеткізетін болады. «Адал жол – честный путь» марафон эстафетасын Арал ауданына беру үшін марафон туы мен кітапты Абзал Сансызбайұлы Арал ауданы әкімінің орынбасары Еркін Әбішевке табыстады.

Марафон аясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде студенттердің қатысуымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың 20 жылдығы» тақырыбында брейн ринг, пікірталас алаңы және өзге де шаралар ұйымдастырылды.