Игілігі мол жоба | Print |
09.04.2018 14:10

Әлем балаларды бөліп-жармайды. Ал жасөспірімдер арасындағы қылмыс жасағандарын бала құқығын қорғай отырып тәртіпке шақыратын мамандар жұмыс істейді. Бұл үшін БҰҰ-ның Балалар қоры (ЮНИСЕФ) бүгінге дейін жүйелі жұмыс атқарып келгені белгілі. Соның бірі – «Балалар үшін әділ сот төрелігі жүйесін нығайтумен олардың құқықтарын қорғау» атты 2014-2018 жылдар аралығындағы Еуропалық Одақ пен ЮНИСЕФ-тің бірлескен бағдарламасы аясындағы пилоттық жоба. Байыпты бастаманың басты мақсаты – қылмыс жасауға дайын балалармен жұмыс істеудің балама түрлерін табу және кейін оларды сауықтыру мен қоғамға қосу.

Өткен аптада БАҚ өкілдері пилоттық жобаның Қызылорда қаласында жүзеге асырылу барысымен танысты. Жобаға әкімдік, үкіметтік емес ұйымдардың, әлеуметтік қызметкерлердің, психолог пен қауіп тобындағы балаларды оңалту мен әлеуметтендіру мектептері бірлесе атсалысуда. Қызылордадағы жұмысты «Сыр ұландары» үкіметтік емес ұйымы жүзеге асырған. Ата-аналар «Сыр ұландарына» келген балаларының психолог мамандарымен жүздесіп, пікір алмасқаннан кейін өзгергенін айтты.

- Баламды әрдайым қадағалап отыратынмын. Ол бос уақытында үйде компьютер ойнаумен, өзге де қызықты нәрселермен шұғылданғанын біліп жүрдім. Бір күні балам үйге досын алып келді. Біздің үйге қонды. Сонда оның ата-анасы танымайтын біреудің үйіне қалай қонуға жіберетініне таңғалдым. Одан кейін, Алланың сынағы шығар, балам өзге балалармен төбелесіп, арты өкінішке ұрындырды. Ата-аналар баласына жауапкершілікпен қараса екен. Осы «Сыр ұландары» орталығына келгеннен кейін баламның мінезі ашық, жарқын бола түсті. Түрлі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жетістіктерге жетіп жүр. Осындағы барлық қызметкерге алғыс айтамын, - дейді аты-жөнін атамауды өтінген ана.

Ал аталмыш орталыққа келіп жүрген балалар болса, осында келіп өздерін жан-жақты дамытқанын айтты. Жас өркендердің талабы таудай, арманы асқақ. Бірі кәсіпкер, енді бірі еліміздің атын асқақтатар олимпиада чемпионы болуды армандайды. «Мұнда уақыт өте қызықты өтеді, бізбен жұмыс істейтін мамандар да туысымыздай болып кеткен. Алайда орталықтағы кабинеттің көлемі тар. Оншақты бала келсе, орын болмай қалады» деп қынжылды балалардың біреуі.

«Сыр ұландары» ҚҚ атқарушы директоры Сәуле Әбілдаеваның ақпаратына сүйенсек, орталық жылына 5,481 миллион теңге жұмсайды. Бағдарлама бойынша 2015 және 2017 жылдары 64 кәмелеттік жасқа толмаған бала әлеуметтік-психологиялық көмек алыпты. Оның ішінде 52-сі бағдарламаны ойдағыдай аяқтаса, 10-ы бас тартқан.

Қылмыс жасаған балалармен облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жұмыс істейді. Мекемеде балаларға арналған арнайы бөлме жасақталған. Мұнда түрлі кітаптар мен ойыншықтар тұр. Ал төменгі қабаттағы кабинетте жәбірленуші арнайы қондырғы арқылы полиция қызметкерлеріне жауап береді. Бұл өз кезегінде қылмыскерді көрмей, жеке қалып, өзіне психологиялық жағымды ахуал туғызуға көмектеседі екен. Облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, 2016 жылы 35 қылмыстық іс, 583 талап-арыз, 15 азаматтық іс және 252 әкімшілік құқықбұзушылық істері түскен. 2017 жылы бұл көрсеткіш артқан. 47 қылмыстық іс, 728 талап-арыз, 213 әкімшілік іс түскен. Ал биылғы үш айдың өзінде 13 қылмыстық іс, 171 талап-арыз, 113 әкімшілік іс тіркеліпті. Сәйкесінше, заң алдында жауапқа тартылып, сотталғандар саны жыл санап көбейіпті. 2016 жылы – 23, 2017 жылы 30, ал 2018 жылдың үш айында 3 кәмелетке толмаған балалар сотталған. Олардың көбі 2017 жылы «Абайсыздан қазаға ұшырату», «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері», «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру», «Қаруды заңсыз жасау», «Жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу» қылмыстық істері бойынша сотталған. Ал 2016 жылы мұндай санат бойынша жасөспірімдер қылмыс жасамаған.

Ж.Қойшыбекова