Өтпелі кезең өкіндірмесін | Print |
10.04.2018 13:06

Қызылорда қаласында 7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық сақтау күніне орай «Репродуктивті денсаулықты қорғау: денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамту жолында» атты ауқымды республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған еліміздің 14 облысынан білікті дәрігерлер келіп, пікір білдірді. «Адамның саулығы – ұлттың саулығы». Әсіресе, жастардың денсаулығы, ұрпақтың ұсақталмауы – ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын мәселе.

Соңғы жылдары Қазақстанда жасөспірімдер арасында түсік жасату жоғарылаған. Бүгінде қазақылықтың қаймағы саналатын Қызылордадағы «Аналар үйінде» 9 жас ана бар. Олардың 2-еуі – жүкті, 7-еуі – балалы. Оң жақта отырып босанғандар да баршылық. Мұндай жайттардың соңы жақсылыққа әкелмейтіні белгілі ғой. Былтыр жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсағандар саны – 6. Әрине алаңдатарлық жайт. ЮНФПА мәліметтері бойынша елімізде жыл сайын жасөспірімдер арасында жүктіліктің 6000-нан аса жағдайлары тіркелсе, оның әрбір үшіншісі түсік жасатаумен тамамдалады. Мамандардың айтуынша, елімізде жыныстық тәрбиеге арналған жеке пән енгізілмеген. Тек 9 сыныпта ғана, яғни балалар 15 жаста биология пәнінде аз-кем оқытылады. Бұл кезеңде жасөспірімдердің 33 пайызы сексуалдық тәжірибеден өтсе, 19 жасқа қарай олардың 49,2 пайызы жыныстық белсенділікте болады. Ал басым көпшілігі сақтанбайды екен.

Белден төмен әңгіме демеңіз. Бекерге қаузап отырған жоқпыз. Қалалық №6 емхана бас дәрігерінің орынбасары Индира Ермаханованың сөзінше, Қазақстанда әрбір 3-ші жүктіліктің соңы түсік жасатумен аяқталады. Бұл тек ресми деректер екендігін еске саламыз. Түсік жасатудың зияны тым көп. Айталық, алғашқы жасалған түсіктің 30 пайызы бедеулікке алып келеді. 12-19 жас аралығындағы жас аналардың дүниеге әкелген балаларының 50 пайызы – аурушаң.

Өтпелі кезеңде жасөспірімдер оң мен солын анық бағамдай алмайтыны белгілі. Көпшілігі алабұртқан сезімнің жетегінде жүріп, жаңылысатыны да жасырын емес. Бозбалалардың жыныстық қатынас қызметкеріне жүгінетіні де шындық. Мұның соңы АИТВ-ға алып барады. Бұл дерттің 81 пайызы жыныстық аурулар арқылы жұқса, қалғаны вирустың бірден қанға түсуі және анасынан балаға берілуі арқылы таралады. Қызылорда облысында осыдан он жыл бұрын АИТВ-мен есепте тұрғандар саны небәрі 28 еді. Биыл 128-ге жетті. Оны жұқтырғандардың ең жасы 15-те, ең үлкені – 81 жаста.

Жоғарыда аталған олқылықтарды болдырмау үшін қалада «Қызылорда облыстық жастар денсаулығы орталығы», «Тәуекел» тобы құрылған. Ол орталықтардың негізгі масқсаты – жастардың денсаулығын зерттеп, қажет болған жағдайда тиісті ем-дом жасауға ықпал ету.

Халық-хабар