Тарихтан тағылым | Print |
10.04.2018 18:52

Зиялы қауым өкілдері Сыр өңірінің Тәуелсіздік жылдарындағы даму тарихына шолу жасады.

«Қызылорда: кеше, бүгін, ертең» атты тарихи-тағылымдық кеш басқа салтанатты шаралардан ерекше ұйымдастырылған. Қызылорданың төл тарихы турасында тек тарихшы-ғалымдар, журналистер ғана емес, Қызылорда қаласының экс-әкімдері де өздері басқарған тұстағы шаһардың ахуалы мен елдің әлеуметтік жағдайын тілге тиек етті. Алғашқы болып сөз алған қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев:

- Бүгінгі ұйымдастырылып жатқан шара бүгінімізге шүкіршілік айтып, болашағымызды бағамдау үшін маңызды, мән-мағынасы зор. Қызылорда – 200 жылдық тарихында талай тағылымды оқиғалардың куәсі болған, сұлу Сырдың бойынан орын тепкен киелі мекен. Қызылорда қаласының арғы тарихына көз жүгіртер болсақ, біздің заманымызға дейін 4-5-ғасырдан бастау алған Сақтардың Ордасы, бертінде Оғыз-Қыпшақ бірлестіктерінің орталығы, Алтын Орда мен Ақ Орда хандарының туын тіккен қасиетті топырақ – бұл Сыр топырағы. Осындай ұлы оқиғалардың Отаны ретінде тарихы тізбектелген қасиетті топырақта осыдан 2 ғасыр бұрын Қамысқала атты елді мекенде Қоқан хандығының Ақмешіт бекінісі ретінде қаланған. Кейін генерал Перовскидің атымен бекініс Перовск аталса, бертін келе оған қала мәртебесі беріліп, уезд орталығына айналған. ХХ ғасырдың басында қазақтардың ең көп шоғырланған жері атанды.

Қызылорда қаласының бүгінін жарқын, болашағын баянды ету жолында талай жылдар тынымсыз тірлік, елеулі еңбек еткен ел азаматтары, аға буын өкілдері, сіздердің арқаларыңызда қала көркейіп, көктеді. Сіздердің ел үшін еткен еңбектеріңіз бен туған жеріңізге деген жанашырлықтарыңызға зор ризашылығымыз бен шексіз алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер. Еліміз, Елбасымыз аман болсын!, - деп жүрекжарды лебізін білдірді.

Мұнан соң Қызылорда қаласының бұрынғы әкімі Бақберген Досмамбетов ортаға шығып, жиылған жұртшылықты Қызылорданың 200 жылдық мерейтойымен құттықтады. Оның сөзінше, қаланың көркеюі үшін архитектор мамандары мықты болуы қажет. Сонда шаһардың келбеті мен көркі келісті бола түспек. Бұған дейінгі қызметінен сыр шерткен ол қазіргі уақытта архитектор мамандарының заманға сай біліктілігін арттыра түскенін, ал бұрнағы жылдары олардың өзі тапшы болғанын айтты. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың профессоры Меруерт Аңсатова да осы кештің құрметті қонағы болды. Оның жасаған баяндамасында Сыр елінің талайлы тарихына жіті көңіл бөлінген. Ал тәуелсіздік жылдарындағы Қызылорданың рухани өмірі туралы өлкетанушы, журналист Нұрлан Көбегенұлы толғады. «Ақмешіт астана болып тұрған кезде барлық бұқаралық ақпарат құралдары осында шоғырланып, Алаш арыстары туған елдің рухын биіктетіп, отанды сүюге шақырды» деді ол. Сондай-ақ қырғыз атауының қазақ деп өзгертілген уақыты да Сырдың еліміздің бас қаласы болып тұрған кезде екенін мақтанышпен айтты. Кеш барысында А.Тоқмағамбетовтың поэмасын жас актерлер асқан шеберлікпен орындай білді. Залдағы қонақтардың қошеметі дүркірей соғылған қол шапалағынан бірден байқалды. Басқару ісінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған экс-әкім Қожахмет Баймаханов ел ести бермеген деректерді ортаға салды.

- Бұл жер (А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі. – ред.) түнгі клуб болған. Жекешелендіру уақытында біраз мекемелер жекешеленіп кетті. Алайда бұл мекеменің иесімен мемлекетке қайтып беруіне келістік. А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі қалпына келтірілді. Асекеңнің ескерткішін алып тастап, мына бюстін қойдық. Кеш барысында бейнероликтерде Қорқыт ата кешенін жиі көрсетіп жатыр. Өзім Қорқыттың топырағында туғаныма сүйсінемін. Біз Қорқыт кешенін қою үшін сол кезде 14 мекемені көшірдік. Кезінде генерал-губернатор Перовскидің кезінде бұл жерде жүйке ауруханасы болған. Оның әскерінің көбі шыдамаған: масасы бар, сонасы бар, ауа райының қолайсыздығы бар. Сонау 60-70-жылдары жүйке аурулары ауруханасы болған. Жанында шошқа фермасы. Кейін Қорқыт бабамыздың ескерткіші сол жерге қойылды, - деді Қ.Баймаханов.

Салтанатты шара соңында әдемі ән әуелеп, келген қонақтардың көңілін серпілтті. Өнерпаздардың жанды дауыста ән шырқауы жұртшылықтың көңілінен шыққан сыңайлы. Ұйымдастырушыларға дән риза кейіппен тарқасты.

Ж.Қойшыбекова