СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ МАРАФОН ТУЫ ҚАЗАЛЫҒА ЖОЛ ТАРТТЫ | Print |
11.04.2018 09:29

Елімізде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңнаманың қабылданғанына биыл 20 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай, биыл қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен әзірленген 2018 жылға арналған кешенді жоспар аясында аймағымызда бірқатар іс-шаралар ұйымдастыру көзделген болатын.

Осы ретте, облысымызда ағымдағы жылдың 5 сәуірі күнінен бастап «Адал жол – честный путь» ұранымен парақорлыққа қарсы марафон бастау алды. Адалдықты ту еткен көш бірінші Арал ауданына аттанып, жиырма жылдыққа 20 автокөлік теңізді өлкемізге жол тартқан болатын.

Кеше аудан орталығында осы аталған марафон эстафетасын көршілес Қазалы ауданына беру рәсімі өтті. Мемлекеттік орган қызметшілерімен қатар, жастар, үкіметтік емес ұйымдар және қоғамдық ұйым өкілдері белсене қатысқан шарада аудан әкімінің орынбасары Е.Әбішев сөз алып, арнайы Астана қаласының және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың 20 жылдығына арнап Сыр өңірінде бастау алған шараның мақсатына тоқтала келе, «Осы марафон аясында өңірімізде екі күннен бері қоғамдық-саяси маңызы бар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, аралдықтар республикалық акцияға өз үлестерін қосты. Бүгін, мінеки, аталған эстафета туын Қазалы ауданына ұсынғалы тұрмыз. Ендеше, Қазалы ауданына жол тартқан эстафета жоғары деңгейде жалғасады деп сенеміз»-, деп, адалдықтың ақ туын Қазалы ауданы әкімінің аппарат басшысы Н.Жалғасбаевқа табыс етті.

Орталық алаңда ұйымдастырылған шарада мектеп оқушылары «Жемқорлықтан бойын аулақ ұстайтын – адал ұрпақ адалдықтың бастауы» деп ұрандатып, белсенді жастар флешмоб өткізді. Одан әрі марафонның автошеруі Қазалы ауданына қарай жол тартты.

Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі