ИНДУСТРИЯ мен КӘСІПКЕРЛІК – ЭКОНОМИКАНЫҢ КҮРЕТАМЫРЫ | | Print | |
11.04.2018 17:29 |
ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУДЫҢ ИГІЛІГІ Аймақтың индустрияландырудың жаңа деңгейіне көтерілуіне жергілікті кәсіпорындардың инновациялық жобалары айрықша серпін беріп отыр. Инновациялық өндірістер құру, жаңа бастамаларды қолдау шаралары экономикалық жетістіктердің, құндылықтардың бірі болып тұрғаны рас. Кез келген ұжым, кәсіпорын, өңірдегі әрбір кәсіпкер өзінің жаңа бастамасы негізінде кәсібін ашып ғана қоймай, мемлекет тарапынан қолдау көріп отыр. Қызылорда облысы да инновациялық белсенділігі жағынан жыл сайын алға жылжып келеді. Бұл – аймақта ел экономикасының өркендеуіне, еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретін жаңа өндірістердің ашылуының, тың идеялар мен болашағы баянды жобалардың жүзеге асырылып жатқандығының жарқын дәлелі. ҚР индустриалды-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста құны 620 млрд теңгені құрайтын, іске қосылғанда 6,2 мың жұмыс орны құрылатын 26 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінде оның 5-еуі іске асты, оның 2-еуі – Арал ауданында іске қосылған қаптама кірпіш пен асфальтбетон зауыты. - Жыл басынан бері 3,8 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Индустриялық кәсіпорындарда өндірілген өнім көлемі жалпы өңдеу өнеркәсібінде 12,5 пайызды құрады. Бұл ретте индустриялық жобалармен экспортталған өнім көлемі өткен жылдың салыстырмалы кезеңіне қарағанда 74,2 пайызға ұлғайған. Өнім экспорты өткен жылғы секілді ТМД мемлекеттеріне шығарылуда. Аталған бағдарлама аясында биылғы жылдың екінші жартыжылдығында өнімдері экспортқа бағытталған құны 102 млрд теңгені құрайтын тағы да 4 жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз, - деді облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Р.Сұлтангереев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында. Экономика сөзімен қатар жүретін индустриялық аймақ дегеніміз – коммуникациялармен қамтамасыз етілген, мемлекет кәсіпкерлік субъектілеріне өнеркәсіп объектілерін орналастыру және пайдалану мақсатындағы жер. Бүгінгі күні Қызылорда аймағындағы мұндай мақсаттағы жер телімі 940,9 гектарды құрайды. Бұл аймақтарда 36 жоба жүзеге асырылуда. Басқарма басшысының айтуынша, алдағы уақытта өңірге тартылатын инвестиция көлемін 7,5 пайызға, өңдеу өнеркәсібіне тартылатын инвестицияны 40, өңдеу өнеркәсібі көлемін 3 және шикізаттық емес экспорт көлемін 16,7 пайызға арттыру көзделуде.
САУДА НЫСАНДАРЫ ЗАМАН ТАЛАБЫНА НЕГІЗДЕЛЕДІ Экономиканы дамытудың негізгі көзі саналатын кәсіпкерлік және туризм саласындағы жүйелі жұмыстар өзектілігін жойған емес. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде аймағымызда тіркелген шағын және орта бизнестің саны 50 мыңнан асқан. Оның ішінде жұмыс істеп тұрғаны 38 мыңға жуықтайды. Өздеріңізге белгілі, биыл Қызылорда облысында «Кәсіпкерлікті қолдау жылы» болып жарияланды. Осыған орай «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың Жол картасы» әзірленді. Онда жалпы бюджеті 32 млрд 86 млн теңгені құрайтын барлық негізгі бағдарламалар қамтылды. Бұл қаражаттың өз кезегінде 3 млрд теңгесі «Стартап» жобаларға бағытталатын болады. Қазірдің өзінде өңірлік коммуникациялық орталықпен жалпы құны 500 млн теңгеге микробизнес субъектілерінің 172 жобасы мақұлданды. Жалпы, бұл мақсатқа әртүрлі қаржы көздерінен қосымша 2 млрд теңге қарастырылады деп күтілуде. Мемлекеттік «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» аясында шағын несие беру үшін 1 млрд 900 млн теңге бөлінді. Оның ішінде ауылдық жерлерге 1 млрд 810 млн теңге, ал қалалық жерге 89 млн 490 мың теңге. Ауылдық жерлерде шағын несие беру үшін бөлінген қаражаттың 1 млрд теңгесі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына», ал 810 млн 986 мың теңгесі «Аграрлық несие корпорациясына» аударылды. - Бағдарлама шеңберіндегі бөлінген қаражаттар бойынша несиелендіру осы сәуір айынан бастап жүргізілмек. Жыл соңына дейін 1500 шағын несие беру жоспарда тұр. Негізгі қатысушылары – жұмыссыз және нәтижелі жұмыспен қамтылмаған халық. Олар үшін сапалы оқытуды ұйымдастыру маңызды. Ағымдағы жылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарын жүргізуге облыстың барлық аудандары қамтылған. Аталған жоба аясында 1600 адамды оқудан өткізу жоспарда бар. Одан бөлек, тұрақты бизнестер үшін іске асырылып жатқан «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде биыл 1 млрд 319 млн теңге бөлінді. Оның ішінде несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға 1 млрд теңге, несиелендіруге 119 млн теңге бағытталды, - деп мәлімдеді баспасөз мәслихатында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары А.Досжанов. Облыс әкімдігінің ахуалдық орталығы арқылы ауыл әкімдерімен және бекітілген лауазымды тұлғалармен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарылған жұмыстарына ай сайын мониторинг жүргізілуде. Жедел статистикалық деректерге сенсек, жыл басынан бері бөлшек сауда көлемі 36,4 млн теңгені құраған. Сондай-ақ, қала көлемінде орналасқан сауда базарларын заманауи бағыттағы сауда нысандарына көшіру бойынша жұмыстар жалғасуда. Соның бірі ретінде облыс орталығында заманауи форматтағы «ArayCityMall» сауда ойын-сауық орталығы ел игілігіне пайдалануға беріледі деп күтілуде. Н.ҚАЗИ |