Қазалыда 21 мың түп ағаш егілді | Print |
16.04.2018 09:41

Қашанда игі бастамадан қалыс қалмайтын Қазалы ауданында ағаш отырғызу акциясы ұйымдастырылды. Айта кетерлігі, қоршаған ортаны көгалдандыруды басты мақсат еткен шара аудан тұрғындары тарапынан үлкен қолдау тапты. Сенбілік барысында мектеп ұстаздары, балабақша қызметкерлері, студент жастар, теміржол саласының мамандары, дербес бөлім қызметкерлері, дәрігерлер, мемлекеттік қызметкерлер, ардагерлер мен мешіт қызметкерлері белсенділік танытты. Осылайша қала, кент, ауылдық округтерде 21 мың түп ағаш көшеттері егілсе, оның 4300 түбін жеміс ағаштары құрады.

Ағымдағы жылы Қазалы ауданында жасыл белдеулер орналастыру жұмыстары қолға алынған болатын. Нәтижесінде Әйтеке би кентінің бас қақпасынан бастап теміржол өткеліне дейінгі аралықтағы 2,6 гектар аумаққа ағаш көшеттері отырғызылуда. Жасыл белдеуге Сыр талы, үйеңкі, қайың, қаратал сынды 8800 дана тал ағаштары егіліп, күтімге алынатын болады. Екпе талдар пластикалық трубамен тамшылатып суарылып, екі жағы тормен қоршалмақ. Аудан әкімінің өкімімен жарияланған көктемгі көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары 11 наурызда басталған болатын. Содан бері аудан көлемінде 6 рет өткізілген сенбілік жұмыстары өз нәтижесін беруде.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы