Жүзден озған жүйріктер | Print |
16.04.2018 14:38

Елбасымыздың «Әрбір өлкенің халқына қорған, ыстығына сая, суығына пана болған батыр бабалары бар. Олардың есімін ұрпақтары білуге тиісті» деген сөзі ел арасында қанатты қағидаға айналды. Мұны іспен дәлелдеуге тырысқан қазалылық тәрбиешілердің талабы жеміссіз де емес.

Жуырда «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығының ұйымдастыруы аясында, аудандағы мектепке дейінгі ұйымдар арасында балабақша тәрбиеленушілері мен тәрбиешілер арасында қойылымды сайыс өткен болатын. Негізінен балаларды театрландырылған қойылымдар арқылы туған өлкенің тарихы, табиғаты, мәдениеті мен бай мұраларына деген сүйіспеншілікті қалыптастыру болып табылатын бәсеке өзінің ерекше тартымдылығымен көрермендерге жылы әсер қалдырды. Осындай тағылымды шарамен жас ұрпаққа туған ел тарихын насихаттауда дана аталарымыз, шешен би, батыр бабаларымыздың есімін, туған жеріміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтардың ғибратқа толы өмірін бүлдіршіндер санасына сіңіруді мұраттаған тәрбиешілердің еңбегі мақтауға лайықты.

Аталмыш сайысқа №21 «Алпамыс» бөбекжай балабақшасы атынан қатысқан өнерпаздар өздерінің жоғары шеберліктерімен көпшілік ықыласына бөленді. Барша сайыс шарттарын мүлтіксіз орындаған алпамыстықтар бас жүлдені иеленді. Туған өлкеге деген сүйіспеншілікті насихаттау, ертеңгі ел болашағын тәрбиелеп отырған балабақшадан бастау алатыны белгілі. Осы орайда қойылым кезінде балабақша тәрбиеленушілері Шәпи Данияр – Әйтеке би, Разақ Дәурен – Ғани Мұратбавтың бейнесін сәтті сомдаса, Тасболатқызы Сымбат, Жолдас Әлинұр, Бөлекбай Айкөркем, Аманкелді Бақдәулет актерлік шеберліктерімен көзге түсті. Сондай-ақ тәрбиеші Жолмырзаева Айнұр мен педагог ұйымдастырушысы Тәңірбергенова Мерует әке мен ана бейнесін аса нанымды сомдаса, «Балапан» тобының тәрбиеленушісі Кеңесбай Нұрасыл орындаған «Туған жер» әні көрермендердің қошеметіне бөленді. Қазылар алқасының шешімімен қойылым облыстық кезеңге жолдама алды.

«Барша жетістік балабақша мен ата-ана арасындағы тығыз байланыстың нәтижесі екені анық. Ата-аналарға балаларыңызға қолдау көрсетіп, шығармашылығын шыңдауға атсалысқандарың үшін көп рақмет, перзенттеріңіз «Туған елдің мақтанышы болсын» дейміз», - деп тебіренеді «Алпамыс» балабақшасының меңгерушісі Эльмира Нұрмағанбетова.

Меруерт  Тәңірбергенова,

«Алпамыс» балабақшасының педаго-ұйымдастырушысы,

Қазалы ауданы