КЕҢЕС ДҮЙСЕКЕЕВ ТУҒАН ЖЕРІНЕ АРНАП ӘН ШЫҒАРДЫ | Print |
28.04.2018 09:26

Қызылордада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеевтің "Сыр елі" әнінің таныстырылымы өтті.

Кеңес Дүйсекеев атындағы дәстүрге айналған "Туған жер" атты әншілердің республикалық байқауының гала-концерті өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар марапатталды.

Айта кету керек, конкурс биыл 6-шы мәрте ұйымдастырылып отыр. Аталмыш шараға арнайы келген сазгер жаңа әнді жерлестеріне таныстырып, туған жерге деген жылы лебізін жеткізді. «Сыр елі» атты жаңа ән - К. Дүйсекеұлының Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына арнаған тартуы.

Аймақ басшысы Қ.Көшербаев та сайыс жеңімпаздарын құттықтап, туған жерге ән арнаған композитор К.Дүйсекеевке алғысын білдірді.

Бүгінгі кештің тағы бір жағымды жаңалығы "Туған жер" республикалық байқауы келесі жылдан бастап халықаралық деңгейде ұйымдастырылады деп жоспарлануда. Бұл туралы гала-концерт барысында облыс әкімі Қ.Көшербаев мәлімдеді.

Байқаудың үшінші орнын Дәулетқали Айбек (Батыс Қазақстан обл.), Құрбан Ақерке (Алматы обл.) және Әжібай Тасқын (Қостанай обл.) иеленді. Екінші орын Жұмашев Мұратбек (Атырау обл.) және Маханбетжанова Арайлымға (Қызылорда қ.) бұйырды. Бірінші орынды қазылар алқасы «Сарын» триосына (Онтүстік Қазақстан обл.) берді, ал бас жүлдені қызылордалық әнші Ринат Үсенов жеңіп алды.

Естеріңізге сала кетейік, жерлесіміз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Кеңес Дүйсекеевтің шығармашылығына арналған «Туған жер» республикалық байқауы 2008 жылдан бастап екі жыл сайын ұйымдастырылады.

Өңірлік коммуникациялар қызметі