Бірлігі бекем достық | Print |
01.05.2018 14:15

«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді». Қазалы ауданында Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне арналған шара ауқымды түрде өткізілді. Татулығы тұғырлы, бірлігі берекелі жұртшылықты құттықтаған аудан әкімі Мұрат Ергешбаев «Халқымызда «Бақ қайда барасың − ынтымаққа барамын» деген дана сөз бар. Бәріміздің басты арманымыз − берекелі-баянды, тату-тәтті өмір сүру. Халқымыздың ынтымақ, бірлігі арта берсін» деп сөзін түйіндеді.

Бүгінгі бірлік пен татулықты, тыныштық пен бейбітшілікті мұраттаған шарада аудан тұрғындары әр ұлттың әні мен биін, өнерін тамашалап, көтеріңкі көңіл күйде жүрді. Бейбіт елдің аспанында әсем әуен шырқалып, күмбірлеген күй көкке қалықтады. Би биленіп, көпшілік қауым бір-біріне ізгі ниеттерін білдірді. Бір сәт дерекке жүгінсек. Сонау қиын-қыстау кезеңде Қазалы жеріне келген түрлі ұлт өкілдері киелі мекеннен пана тапты. Бауырмал қазақ халқымен бір үйдің баласындай етене араласты. Қазіргі таңда Қазалы ауданында 14 ұлттың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде.

Жұмабек Табынбаев