Айбынды еліміздің абыройы асқақтай берсін | Print |
03.05.2018 16:47

Құрметті қызылордалықтар!

Қадірлі майдан және тыл ардагерлері!

Сіздерді мемлекетіміздің қос бірдей айбынды мерекелері 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр - Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Отандастарымыз үшін 7 мамыр - батырлық пен табандылық, елжандылық пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны.

Бүгінде қуаты артып, абыройы әлемді мойындатқан Қазақстанның қарулы күштері заманның кез келген қауіп-қатеріне жауап беретін жинақы да ұтқыр армияға және татулықты ту еткен халқымыздың берік қорғаны, тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың сенімді тірегіне айналды.

Ал, 9 мамыр - Жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн.

Бұл күн - бейбітшілікті, тәуелсіздікті және өз Отанының бостандығын қорғап қалған майдангер аталарымыз бен тыл еңбеккерлері алдында бас иіп, олардың жеңімпаз рухына тағзым ететін күн.

Сонау сұрапыл жылдары мыңдаған қазақстандық майдан даласында кеудесiн от пен оққа тосып, Отанымыздың бостандығын қорғады. Қаншама боздақ азаттық үшiн жандарын пида еттi.

Біз - жеңімпаз әкелердің ұрпағы екенімізді, халықтар арасындағы достық пен бірлікті қастерлеген аға ұрпақтың жалғасы екенімізді мақтан етеміз.

«Жеңіс» пен «Жетістік» ұғымдары еліміздің даму қарқынымен қашанда қанаттас келеді. Осынау бейбіт өмірге жеткізген ардагерлеріміз аман болғай!

Бұл - өшпейтін тарих, жылдар жылжыған сайын заңғар тартып, даңқы асқақтай беретін - Ұлы Жеңіс мерекесі!

Бүгінде тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі мен гүлденуі де – осынау ұлы мерекенің жемісі.

 

Құрметті  жерлестер!

Ұлы Отан соғысы біздің халқымыздың, аға буын өкілдерінің, әкелеріміз бен аналарымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын әлемге танытқан қасіретті майдан болса, Ұлы Жеңіс - аға ұрпақтың Ұлы ерлігін мәңгілікке ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке.

Осынау қасиеттi мереке күнi бiз азаматтық арды ту етіп, өз өмiрлерiн құрбан еткен батыр бабаларымыздың әруақтары алдында бас иемiз.

Ерлік пен еркіндік, елдік пен егемендік ұғымдарын біріктірген қастерлі қос мереке әрбір шаңыраққа шаттық, амандық және бақ-береке әкелсін.

Айбынды еліміздің абыройы асқақтай берсін!

Мерекелеріңіз құтты болсын!

 

Құрметпен,

Қызылорда қаласының әкімі                                                           Н. Нәлібаев