АЙМАҚ БАСШЫСЫ ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРЛЕРІ МЕН ТЫЛ ЕҢБЕККЕРЛЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ | Print |
04.05.2018 10:15

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне арналған мерекелік қабылдау өткізді. Қабылдауға 42 соғыс ардагері, тыл еңбеккері және Семей полигоны мен Чернобыль АЭС ядролық сынақ жұмыстарына қатысушылар шақырылды.
Облыс әкімі ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

«Соғыс жылдары майданға 70 мыңнан астам қызылордалық аттанса, бүгінгі күні 37 ардагер қалды. Ұлы Отан соғысының қаһармандары арасында көптеген жерлестеріміз болғанына мақтанамыз. Өскелең ұрпақ жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерінің ауызбіршілі мен ерлігі, ерекше табандылығы мен Отанға деген ыстық сезімінің арқасында Ұлы Жеңіске қол жеткізгенімізді білуі тиіс», - деді аймақ басшысы.
Өз кезегінде, ардагерлер мен тыл еңбеккерлері естеліктерімен бөлісіп, ізгі тілектерін айтты.

Сондай-ақ, іс-шара қатысушылары үшін концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Естеріңізге сала кетейік, өңірімізде 37 Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері және 5726 тыл еңбеккерлері бар.
Ұлы Жеңіс мерекесіне орай, ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне материалдық және әлеуметтік көмек көрсетіледі (37 - Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне - 192400 теңгеден); Ұлы Отан соғысы жылдарында жанқиярлық еңбегі мен мінсіз қызметі үшін КСР Одағының ордендері мен медальдарымен наградталған адамдарға - 120250 теңгеден); 5382 - Ұлы Отан соғысы жылдарында кемінде алты ай қызмет еткен адамдарға 72150 теңге мөлшерінде біржолғы материалдық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, майдангерлердің тегін демалыс орындарында демалдыру, емдету, жыл бойына коммуналдық қызмет шығындарын өтеу облыстық бюджет тарапынан шешілуде. Одан бөлек, 1 мамыр күнінен бастап жыл аяғына дейін қазақстандық ардагерлер «Жеңіс» қайырымдылық жобасы аясында ТМД елдері бойынша саяхаттай алады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі