ҚАЗАЛЫ ҚАЛАСЫ МЕН ӘЙТЕКЕ БИ КЕНТІН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ | Print |
04.05.2018 17:13

Бүгін облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың Қазалы ауданына жұмыс сапары барысында Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентін дамыту мәселелері туралы мәжіліс өтті.

Бұл мәселе бұған дейін 2 рет арнайы мәжілісте талқыланған. Осының нәтижесінде кейбір жобалар қолдау тауып, бірқатар жұмыстар басталып кетті. Бұл туралы Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев баяндады.

Әйтеке би кентінің 55 көшесін орташа жөндеуге 2,7 млрд. Теңге болатын жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Осыдан 3 көшені (Қ.Ерімбет, Жетес би, Ер Мағзаман) орташа жөндеуді бастауға облыстық бюджеттен 120 млн. теңге бөлінді. Ал Қазалы қаласындағы 10 көше моноқалаларды дамыту бағдарламасына сәйкес кезең-кезеңімен шешімін таппақ.

Инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп жатқан кенттегі 180 гектар аймақтан Рәміздер алаңы мен Демалыс паркiн салу үшін 8,2 гектар жер учаскесі белгіленді.

Ал Қазалы қаласын газдандыруға байланысты аудан тарапынан жобалау-іздестіру жұмыстары жасалып, жоба-сметалық құжатына қажетті қаржы көлемі нақтыланды.

Мәжіліс соңында аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев аудан әкімі мен басқарма басшыларына қала мен кентті қосу бойынша жұмыстарды қатаң бақылауды, бөлінген қаржыларды уақытылы игеруді және екі аралықтан жаңа үлгідегі кәсіпкерлік нысандарын салу үшін инвесторларды тарту жолдарын қарастырып, келісімдер жасауды тапсырды.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі