ҚАЗАЛЫДА СОҒЫС АРДАГЕРЛЕРІНЕ КӨШЕ АТЫ БЕРІЛДІ | Print |
05.05.2018 15:50

Ұлы Отан соғысы жылдары оның зардабын тартпаған отбасы кемде-кем. Олардың қатарында бір әулеттен 5 азамат аттанған Талқанбаевтар отбасы да бар.

Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Қазалы ауданында ағайынды Талқанбаевтарға көше аты берілді. Жасөспірімдер арасында кіші футболдан ашық турнир өтті. «Өшпесін мәңгі есімің» атты кітаптың тұсауы кесіліп, «Бозкөлдің боздақтары» қойылымы сахналанды.

Шараларға қатысқан аудан әкімі Мұрат Ергешбаев бұл жеңісті жақындатып, бейбіт өмірді орнатуға беріле қызмет жасаған ерлерді ұлықтаудың жарқын көрінісі екендігін айтты.

Ағайынды Талқанбаевтар өздерінің әскери міндетін абыроймен атқарған. Тайберген Талқанбаев ұрыс даласында ерлікпен қаза тапса, Айберген, Жылқыбай Талқанбаевтар хабарсыз кеткен. Ал елге аман оралған Бақберген, Жайберген Талқанбаевтар соғыстан кейінгі бейбіт өмірде ел дамуына үлес қосты.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі