Беделі биіктей түсті | Print |
08.05.2018 14:43

«ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ марапат биігінен көрінді. ҚЕҚОҚ департаменті жыл сайын республиканың жұмыс берушілері арасында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша республикалық «Сенім» конкурсын ұйымдастырып келеді. Конкурс үш номинация бойынша өткізіледі: «Еңбекті қорғау үздіктері» (І, ІІ, ІІІ орын), «Еңбекті қорғау жөніндегі үздік инженер» (І, ІІ, ІІІ орын), «Еңбекті қорғау жөніндегі үздік қоғамдық инспектор» (І, ІІ, ІІІ орын). Бұл – кәсіпорынның еңбекті қорғау қызметі бойынша жұмысын көрсетуге таптырмас мүмкіндік. Конкурс кәсіпорын қызметкерлерінің өндірістік жарақаттануы мен кәсіптік аурулардың алдын алу тиімділігін арттыру, сондай-ақ, қызметкерлердің қауіпсіздігін сақтау мақсатында ұйымдастырған. Еселі еңбектің нәтижесінде «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ «Еңбекті қорғаудың үздік қызметі» номинациясында жүлделі бірінші орынды қанжығасына байлады. Мұндай керемет жаңалық туралы сүйіншілеген кәсіпорынның қауіпсіздік және еңбекті қорғау тобының жетекшісі Ербол Бекжанов: «Сенім» конкурсына қатысу «ПҚҚР» АҚ үшін – бұл іскерлік мәртебені растау, қызметкерлер мен тұтынушыларға құзыреттілік пен әлеуметтік жуапкершілікті көрсету» дейді.

«ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ әуел бастан конкурсқа белсенді қатысқан болатын. Айталық, былтырдың өзінде «Еңбекті қорғау жөніндегі үздік қоғамдық инспектор» номинациясында екінші орынды еншілеген. Жеңімпаз – Ысқақ Бейбіт. Ол қабат қысымын сақтау жөніндегі 4-разрядты оператор. 2010 жылдан бастап техникалық еңбек инспекторы қызметін абыроймен атқарып келеді.

Осылайша 28 сәуір дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай ұйымдастырылған байқаудан «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ биыл да олжалы оралды. Жеңімпаз тұғырынан көрінген кәсіпорын ұжымын шын жүректен құттықтаймыз!

Ж.Қойшыбекова