Жалағаштықтар да 73-ші бейбіт көктемді қарсы алды | Print |
09.05.2018 17:20

Батырлық пен ерліктен жаралған, рухын қасиеттеген, ардагерлерін айбын көрген, Жеңіс пырағын бейбітшілік шырағына айналдырған, Ұлы Жеңісті бақыт бәйтерегіне байлам қылған жалағаштықтар бүгін орталық алаңда Ұлы Жеңіс әкелген 73-ші бейбіт көктемді қарсы алды. Ең алдымен аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев бастаған басшылық құрам мен бір топ еңбек және тыл ардагерлері орталық алаңда орналасқан «Ер есімі – ел есінде» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтардың рухына құран бағыштап, бір минут үнсіздікпен еске алды.

Салтанатты шара орталық алаңда «Заманның ұлы жыры – Жеңіс күні» атты театрландырылған қойылымға ұласты. Жалағаштықтарды Ұлы Жеңіс мерекесінің 73 жылдығымен құттықтап, сөз сөйлеген аудан әкімі Қайратбек Әубәкірұлы сұрапыл соғыс кезінде қазақ даласы қандай көмекпен қолдау көрсеткенін, қарыштап дамып келе жатқан ел әлеуетінің барша жетістіктері соғыс өртін өшірген аталарымыз бен аналарымыздың еңбегі арқасында екендігін атап өтті.

Салтанатты шара барысында аудандық Қ.Қазантаев атындағы Мәдениет үйінің көркемөнерпаздары аудан тұрғындарының назарына концерттік бағдарлама ұсынып, мерекелік көңіл күйдің көтеріңкі болуына үлес қосты.

Жалағаш ауданы ішкі саясат бөлімі