Жеті тур күттірген жеңіс | Print |
09.05.2018 19:35

Қазақстан премьер-лигасының 8-турында Қостанайға қонаққа барған жергілікті “Қайсар” биылғы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Жеті тур бойына жолдары  бір  болмай-ақ  қойған “қасқырлар” сырт  алаңда  жауапсыз  3 гол соқты. Рас, қызылордалық  ұжым гол соғуға біраз уақыттан бері шорқақ болып келеді. Курьордың әуелі “Ақжайыққа”, одан кейінгі “Қайратқа” салған қос голы болмаса, Исламқұлов пен Григоренко қорғаған қақпаға 9 гол кіріп үлгеріпті. Осылайша, жеңіліс пен тең нәтижеге көңілдері толмай жүрген “Қайсар” “Тобылға” қарсы ширақ ойнады.
Ойынның 37-минутында Тоқтар Жаңғылышбай есеп ашты. Араға он минут салып, команда капитаны Думан Нәрзілдаев есепті еселей түсті. Айта кетейік, қызылордалық талантты ойыншының алаңға капитандық қызметпен бірінші рет шығуы емес. Ал, матчтың 82-минутында Курьор биылғы маусымдағы үшінші голын соқты. Дәл осы уақытта қақпасын құрғақ сақтауда Марсель Исламқұлов ҚПЛ-де екінші орында келеді. Бірінші орында қақпасын 232 минут құрғақ ұстаған ордабасылық Жасур Нәрзіқұлов болса, Марсель Исламқұлов 197 минут бойы қақпасына гол өткізбеді. Үшінші орынды Игорь Шацкий иеленген (Шахтер, 154).
“Қайсардың” жеңісіне қатты қуанған бір топ жанкүйерлер және клуб басшылығы команданы әуежайдан құрметпен күтіп алды. Одан бұрын қызылордалық жанкүйерлер автошеру жасап, “қасқырларға” қолдау білдірген еді.
“Қайсар” бүгін ел біріншілігінің 9-турында  Қарағандының “Шахтерін” өз алаңында  қабылдады. Алдыңғы турдағы жеңістен қанаттанған "қасқырлар" бұл жолы да жеңісті жолын жалғай түсті. Бір қызығы, өз алаңымызда да кеншілерді 3:0 есебімен ойсырата жеңдік. Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында бас бапкер Стойчо Младенов футболшыларының ойынына көңілі толатындығын, бүгін өте жақсы ойын болғанын айтты. “Қайсардың” келесі қарсыласы – керекулік “Қызылжар” футбол клубы.

Рыскелді ЖАХМАН