«Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ» айлық шарасы басталды | Print |
10.05.2018 14:50

Мамыр айының 3-і күні Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің №5 оқу ғимаратында «Экология және химиялық технологиялар» кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Экология саласына 30 жыл толуын атап өту мақсатында ұйымдастырылған «Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ» тақырыбындағы йлық шаралар аясында профессор-оқытушылар мен студенттерге арналған «Арал өңірінің экологиялық проблемалары және оларды шешудің жолдары» тақырыбындағы ашық лекция өтті.

50-ден аса студентті қамтыған шара барысында Жаратылыстану факультетінің деканы, «Биология, география және химия» кафедрасының аға оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымның кандидаты Самалбек Қосанов «Инновационные технологии для улучшения качества почвы при посадке декоративных деревьев и овощных культур» тақырыбында баяндама жасап, өзінің көгалдандыру саласында жүргізіп жатқан ғылыми-инновациялық тәжірибесімен бөлісті.

Самалбек Оразбайұлы көгалдандыру барысындағы өсімдік отырғызудың әдістерін, еккен өсімдіктердің тұзданған жерде еркін өсуін қамтамасыз ететін негізгі қоректік заттарды атап көрсетті. Оның тәжірибесіндегі өсімдік тамырына жақын сеуіп көметін негізгі зат – «агроперлит». Агроперлит – экологиялық таза, бойына өз массасынан үш есе артық су сіңіре алатын тау жынысынан құралған жыныс. Агроперлитті қолдану экологиялық тиімді болып келетінін түсіндірді.

С.Қосановтың тағы бір салмақты тәжірибесі – жауынқұрттардың көмегімен биогумус, яғни жауынқұрттың ерекше түріне әртүрлі тұрмыстық органикалық қалдықтармен қоректендіру арқылы қарашірік топырақ дайындау.

Ғалым өз сөзінде агроперлитті және биогумусты қолдана отырып, өсімдіктермен тәжірибе жасап жатқандығын және көгалдандыру арқылы табиғатқа өз үлесімізді қоса алатындығымызды насихаттады.

Ашық лекция «Физика-химиялық талдау зертханасының» жетекшісі, х.ғ.к., қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы Нұрбол Аппазовтың баяндамасымен жалғасты. Нұрбол Орынбасарұлы тыңдаушыларды зертханада орындалып жатқан «Күріш шаруашылығының қалдықтарын өңдеу жолдары» тақырыбындағы зерттеу нәтижелерімен таныстырып өтті. Ол өз тәжірибесінде күріш қауызынан медициналық мақсатта қолдануға болатын кәдімгі адсорбент, күріш сабанынан жасалған қағазды көрсетіп, әсіресе, экология мамандығында оқитын студенттердің қызығушылығын туғызды. Болашақта тәжірибе нәтижелерін өндірістік мақсатта дамыту жолдарын қарастырып жатқанын айтты.

Ашық лекцияны «Экология және химиялық технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы, т.ғ.к. Аскарова Гүлзат Шәкірбекқызы «Ғаламдық жылыну құбылысы және оның Қызылорда облысында байқалуы» тақырыбындағы баяндамасымен жалғастырып, ғаламдық жылыну құбылысының жергілікті деңгейде байқалуы жөнінде жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен бөлісті.

Баяндамашыларға студенттер тарапынан сұрақтар қойылып, ашық лекция пікірталас алаңына айналды. Студенттер оқытушы-профессорлардың ғылыми тәжірибелері туралы лекцияларды жиі ұйымдастыру жөнінде пікірлерін білдірді.

Гүлзат Шәкірбекқызы,

ҚМУ-дың инженерлі-экологиялық факультеті, экология және химиялық технологиялар кафедрасының аға оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты