Prima Park пайдалануға берілді | Print |
10.05.2018 17:00

Облыс әкімінің қолдауымен, «Асбол» ЖШС-нің бастамасымен жалпы құны 1,5 миллиард теңгенің, жалпы аумағы 9578,4 шаршы метрді құрайтын Prima Park бизнес орталығы қала халқына пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына арнайы келген аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев құттықтауын жеткізді.

- Бүгін Қызылордада ерекше қуанышты сәт деп есептеймін. Өйткені мынадай замануи талапқа сай бизнес орталығы іске қосылып отыр. Өзіміздің жергілікті кәсіпкер жігіттердің бастамасы. Басында базармен айналысып жүрген кәсіпкерлер қомақты қаражат жиған соң осы зәулім ғимаратты соғуға талаптанды. «Асбол» ЖШС-нің басшыларына, құрылтайшыларына және «Даму» қорына да ризашылық білдіргім келеді. Бұл жер үлкен кәсіпкерліктің орталығы болады. Аймақтағы туризмді дамытуға, Сыр еліне деген көңілдің арта түсуіне септігі тиеді деп ойлаймын. Сіздер білесіздер, Елбасының да мақсаты – кәсіпкерлікті дамыту. Ендеше өз бетінше бизнес бастаудың көмегі зор. Өзінің тарихын өзі шешетін, қыстың күні Дубайға, жаздыгүні Түркияға барып демалығыңыз келсе, балаларыңызды оқытқыңыз келсе, кәсіпкерлікпен айналысу керек, - облыс әкімі.

«Асбол» ЖШС-нің директоры Ғани Пірімжановтың сөзінше, ғимаратты салуға 4 жыл кеткен. «Жол картасы» бағдарламасы арқылы және «Даму» қорының қолдауымен «Халық» банкінен несие алып, іске кіріскен. Нәтиже жоғары. Кәсіпкерлер шоғырланатын ауқымды орталық құрылды. Ғимараттың жалпы аумағы 10 000 шаршы метр болса, оның 8 мың шаршы метрі бизнес орталығына, қалған 3 мың шаршы метрі қонақүйге арналған.

Осылайша Сыр елінің кәсіпкерлік саласында тағы бір серпіліс болды. Бұл өз кезегінде облыс экономикасының дамуына оң әсерін тигізеді деп күтілуде.

Ж.Қойшыбекова