САРАТС-2 серпін береді | Print |
14.05.2018 13:46

Жақында ғана Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапары аясында «Ғасыр жобасының» екінші кезеңін іске асыруға байланысты «бұл мәселені не ары, не бері шығаруымыз қажет» деп ашық айтқан-ды. Бұл САРАТС-2-нің екінші фазасы 8 компоненттен тұрады. Алғашқысы – 6 компонент, ал екіншісінде – 2. Бұл бойынша тиісті жұмыстар басталып кетті. Осы мәселелер төңірегіне өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов баяндады.

Жалпы, аталмыш жобаны Дүниежүзілік банктен қаржыландырылуы тым ұзаққа созылуы себепті Қызылорда облысы әкімдігінің ұсынысы бойынша Үкімет САРАТС-2 жобасының бірінші кезеңін жүзеге асыруды республикалық бюджет есебінен бастау жөнінде шешім қабылдады.

Қызылорда су торабын кешенді жөндеуге ауыл шаруашылығы министрлігі инвестициялық ұсыныс әзірледі, Ұлттық экономика министрлігінің экономикалық қорытындысы алынды. Қаржы министрлігіне жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін 198,0 млн теңге бөлу жөнінде бюджеттік өтінім тапсырылды. Биыл республикалық бюджетті нақтылау барысында қаражат бөлу жоспарланып отыр. Ол 2019 жылдан бастап жөнделеді. Сондай-ақ, Жалағаш ауданында Тұрымбет және Қорғанша учаскелерінде Сырдария өзенінің арнасын түзету және Қармақшы, Қазалы аудандарындағы қорғаныс бөгеттерін нығайту компонентері бойынша облыстық бюджет есебінен жоба-сметалық құжаттары әзірленді. 2018 жылғы 28 наурыздағы мемлекеттік сараптаманың қорытындысы бар,- деді облыс әкімінің орынбасары Серік Салауатұлы.

Бұл жобалар «Су тасқыны қатерлерінің алдын алу және жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған шаралар кешені» Жол картасы шеңберінде жүзеге асырылмақ. Ал Қазалы ауданының Бірлік ауылы маңында автомобиль көпірін салу компоненті бойынша облыстық бюджеттен жобаның ТЭН-ін әзірлеуге 20,9 млн теңге қаржы қаралған. Тиісті құжаттар әзірленгеннен кейін республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін аталған компонент Инвестициялар және даму министрлігіне ұсынылады.

Қамыстыбас пен Ақшатау көлдер жүйелерін қалпына келтіру үшін облыс әкімдігі осы жылы көлдер жүйесін құжаттандырып, Су ресурстары комитетінің бөлімшесінің теңгеріміне бермек. Қамыстыбас балық өсіру питомнигінің «Тастақ» учаскесіндегі балық өсіру тоғандарының қазіргі жай-күйі аса мәнтті емес. Оны қалыпқа келтіріп, өзгерістер енгізу Балық шаруашылығы Комитетінің ұсынысы негізінде жүзеге аспақ. Соның аясында аталмыш питомниг қайта жаңғыртылады. Бұл шаруалар балық шаруашылығы Комитетінің ағымдағы бюджеттік бағдарламалары шеңберінде іске асырылады. Бірінші кезең ел бюджеті есебінен жүргізіледі. Ол Көкарал бөгеті мен су жіберу құрылысын нығайтуды және Сырдария өзенінің "Қарашалаң" және "Тұщыбас" көлдері арқылы өтетін арналарын қалпына келтіруді көздейді.

Екінші кезең Дүниежүзілік банк есебінен іске асады. Негізгі мақсат – Арал өңірін одан әрі дамыту және экологиясын жақсарту.

Коллекторлық-дренаждық суларды Арал теңізіне бұру мүмкіндіктерін қарастыру, "Суармалы жерлердің ирригациялық-дренаждық жүйелерін жетілдіру", суармалы жерлердегі су шығынын азайтып, Аралға судың түсуін арттыру көзделген. Бұл өз кезегінде сулы-батпақты алқаптарды қалыптастырады. Арал өңірінің экологиясы жақсарып, теңіздің шығыс жағалауы бойында жасыл белдеудің құрылуы жағалаудағы елді мекендерді құм көшкінінен сақтауға мүмкіндік береді,- деді Серік Қожаниязов

Сонымен қатар екінші кезең шеңберінде Сырдария өзенінің бассейнінде автоматтандырылған су есептегіш жүйені құру жоспарланған.

Халық-хабар