Құрылысшылардың кәсіби шеберлігі республикалық конкурсы өткізіледі | Print |
16.05.2018 09:42

Қызылорда облысы әкімдігі 2018 жылдың 16 мамыр күні Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жағалауында құрылысшылардың кәсіби шеберлігі республикалық конкурсын өткізуді жоспарлап отыр. Ол Елордамыз Астана қаласының 20 жылдығы және Қызылорда қаласының 200 жылдығын мерекелеу шеңберінде ұйымдастырылады. Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы М.Әлсеріков айтты.

Конкурсқа қатысу үшін еліміздің барлық облыстарынан және Астана мен Алматы қалаларынан кәсіби шебер мамандар шақырылды. Конкурстың мақсаты қоғамдағы Еңбек адамының мәртебесін ұлықтап, насихаттау болып табылады. Конкурста тас қалаушылар арасынан «Үздік қалаушы» және сылақшылар арасынан «Үздік сылақшы» номинациялары бойынша жеңімпаздар айқындалады.

Әлеуметтік салада барлығы 41 құрылыс нысаны салынып жатыр. Оның ішінде білім саласында-18, денсаулық сақтау саласында-4, мәдениет саласында-5, спорт саласында-8, қоғамдық тәртіп саласында-2, мемлекеттік органдар нысандары-2, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша-1, коммуналдық шаруашылық нысаны-1. 41 құрылыс нысанының 30 нысаны биыл пайдалануға беріледі, қалған 11 нысан 2019 жылға өтпелі нысан болып табылады.

«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында облыс бойынша барлығы 118,2 мың шаршы метрді құрайтын 42 көпқабатты тұрғын үй (1664 пәтер) құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 17 көпқабатты (620 пәтер) арендалық үйлер бар. 25 көпқабатты үйлер (1044 пәтер) жеке құрылыс компаниялары есебінен салынуда.

Жалпы, облыс бойынша 2018 жылы 620,8 мың шаршы метр тұрғын үй және 2019 шақырым инженерлік желілер жүргізу жоспарланған.

Бүгінгі республикалық конкурсқа қатысу үшін еліміздің барлық өңірлерінен 30 қатысушы өтінім берді. Қызылорда қаласының сол жағалауындағы құрылыс алаңдары конкурс іс-шараларын өткізуге дайын. Конкурс комиссиясымен айқындалатын конкурс жеңімпаздарына:

І орынға компьютер моноблок, І дәрежелі диплом және І орынға арналған кубок;

ІІ орынға теледидар, ІІ дәрежелі диплом және ІІ орынға арналған кубок;

ІІІ орынға ноутбук, ІІІ дәрежелі диплом және ІІІ орынға арналған кубок табысталады.

Қалған қатысушыларға республикалық конкурсқа қатысқандары үшін республикалық конкурсты ұйымдастырушының және Қазақстан Республикасы «Құрылыс комплексі және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі атынан диплом табысталады.

Өңірлік  коммуникациялар  қызметі