Мол өнімге негіз қаланды | Print |
16.05.2018 09:58

«Көктемнің әр күні жылға азық». Құлаққа әбден сіңісті болған осы сөз ешқашан маңызын жоймақ емес. Мұны дала төсінен нәпақасын айырған диқандар қауымы жақсы түсінеді. Күн қабағы жылт етісімен егіс танабына асығатын дала перзенттері тәулік тұрмақ, сағаттың әрбір бөлігін қалт жібермеуге тырысып бағуда. Ағымдағы жылы Қазалы ауданында 17790 гектар жерге егiс егу межеленді. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 6950 гектарды құрайды.

Қазақта «шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген бар. Аудандағы осы саланың қыр-сырын жете меңгерген азаматтармен пікірлескенімізде, біраз жайтқа қанықтық. Олардың айтуынша, дақылдарды орналастыруды әзірлеу барысында әртараптандыру бағытындағы дақылдардың егіс көлемін ұлғайтуға ерекше мән беріледі. Бұл өз кезегінде нәтижесін көрсетіп те үлгерді. Өткен жылмен салыстырғанда жаздық бидай, тары көлемі ұлғайтылып егілсе, 90 гектар жерге арпа орналасуы жыл жаңалығы десек жарасымды. Жаңалықтар мұнымен шектелмейді. Ауданда тұңғыш рет «РЗА-Агро» ЖШС құнарлы мал азығы саналатын түйе жоңышқа, судан шөбі, сорго, соя дақылын сеуіп тастапты. Оған қоса межеленген көктемгі ақ егіс дақылдарын егу толығымен орындалған. Аудан бойынша жоңышқа тырмаланып, суарылып, күтімге алынуда. Қазіргі таңда шығымы жаман емес. «Сыр саржаны» ЖШС болса, «Торем Хошеми» сортын ұлғайтып егуді жоспарлап отыр екен.

«Казагрэкс» АҚ тұқым сараптау зертханасының мәліметі бойынша күріш 100 пайыз себу дәрежесіне жеткізіліпті. Шаруашылықтарда күріш тұқымын тазалау жұмыстары аяқталуға жақын. Көктемгі дала және егін егу жұмыстарын 122 трактор, 55 соқа, өзге де техникалар атқарады деп межеленген. Жеңілдетілген бағамен бөлінген дизель отынын жеткізіп беруші оператор «Нефтьтранс-Қызылорда» ЖШС-гі болып белгіленді. Диқандарды толғандыратын басты мәселенің бірі суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету және су жүйелерінің дайындығы да Қазалыда ойдағыдай көрінеді.

Өткен жылдан бастап Қазалы ауданында бау-бақша өнімдерін егу жұмыстары жанданғанын бұрын да жазған едік. Игілікті іс тұрғындар арасында қызу мақұлданды. Қала, кент, ауылдық округтерде бау-бақша, көкөніс өнімдерімен айналысатын кооперативтер құрылып, оларға жерді қоршау, өңдеу, аяқсу жеткізу жұмыстарына қолдау көрсетілген еді. Қорытындысында мол өнім алынды. Оны айтасыз, Ресейге 552 тонна қауын-қарбыз экспортталды. Ақтөбе, Астана, Байқоңыр қаласы мен Арал, Қармақшы ауданына да қазалылық өнімдер жеткізілген болатын.

Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады. Алға ауылдық округінде 60 гектарға бау-бақша егу жоспарланып отыр. Ауылда 2 кооператив құрылған. «Айтбай» кооперативінің төрағасы Кенжетай Нағызалиев 35 отбасыны біріктіріп, жұмыс істес, «Жаңа тал» кооперативінің төрағасы Сабырбай Мұханов 15 отбасыға жетекшілік етуде. Аяқсу өз ағынымен барады. Абай ауылында 20 отбасы 30 гектар жерді игеру жұмыстарын бастамақшы. Майдакөлдің тұрғындары мен «Майдакөл» өндірістік кооперативі 80 гектар жерге бау-бақша өнімдерін егуді жоспарлаған.

Талап оң болсын!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы