Рамазан айы ертең басталады | Print |
16.05.2018 11:21

Газетіміздің өткен №18 санында (10.05.2018 ж.) қасиетті Рамазан айының мамырдың 16-сы күні басталатыны туралы мақала мен Қызылорда облысы бойынша Ораза тұту кестесін жариялаған болатынбыз. Өткен аптаның соңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Рамазан айының басталуына қатысты жаңа мәлімдеме жасады.

- Рамазан айының басталуын нақты анықтау шариғи үкімдер мен астрономиялық есептер негізінде жүзеге асады. Алғашқы кезеңде мұсылмандар жаңа туған айды көзбен көретін. Ғылым мен технология дамыған заманда мұсылмандық күнтізбе шариғи үкім мен ғылыми зерттеулер негізінде жасалды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оразаны айдың тууына қарап бастап, айдың тууына қарап аяқтаңдар. Егер ай көрінбесе, шағбан айын отыз күнге толтырып, бастай беріңдер» деген. Демек, мұсылман жұртшылығы Рамазаннан бұрын болатын Шағбан айының жиырма тоғызы күні кешке қарай жаңа айдың (Рамазанның) тууын күтулері керек. Жаңа ай көрінсе, онда келесі күні ораза ұстайды. Егер көрінбесе, сол айды отыз күнге толтырып, оразаны бастайды. Бірқатар мұсылман мемлекеттерінің ғалымдары осы хадисте айтылған Шағбан айының 29-ыншы күні 15 мамырға, ал 30-жұлдызы 16 мамырға сай келетінін мәлімдеуде. Демек, астрономиялық есептер 16 мамырда жаңа айдың туылатынын көрсетуде. Ал 17 мамыр – Рамазан айының алғашқы күні болып есептеледі, - деді бас мүфти Серікбай қажы Ораз.

Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі іргелі зерттеу орталықтарының бірі болып табылатын «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» мекемесінен жаңа айдың көрінуіне қатысты ресми мәлімет сұратқан. Аталмыш мекеме 16 мамырда астрономиялық құралдар көмегімен жаңа айды көруге болатынын мәлімдеді. Осыған орай, ҚМДБ Ғұламалар кеңесі шариғи үкім мен отандық астрономиялық ғылыми зерттеу нәтижесін негізге ала отырып: «17 мамыр – Рамазан айының бірінші күні» деген шешім қабылдаған. Осылайша, биыл мұсылмандық ай күнтізбесі бойынша қасиетті Рамазан айы – 29 күн. Ал, маусым айының 11-інен 12-сіне қараған түн – қасиетті Қадір түні. Пітір садақа – жан басына 300 теңге.

Оразаңыз қабыл болсын, ұстаған жан!

Халық-хабар