«Таза сессия» жемқорлықтың алдын алады | Print |
19.06.2018 16:55

Оқу жылы аяқталар тұста оқытушылар мен студенттердің біраз әбігерге түсетіні сөзсіз. Студенттердің жыл бойы алған білімінің нәтижесі жазғы сессияда сыналады. «Әбігер» деп отырғанымыз да сол. Қоғамда тамырын жайған сыбайлас жемқорлықтың көрініс берер кезеңі де – осы тұста. Біліксіз білім беруші мен сессияға дайындығы ақсап келген студенттер арасында «ауызбастырық» деген дендеп тұр. Осы олқылықтың алдын алу мақсатында бүгін И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда агралық-техникалық жоғары колледжінде «Таза сессия» акциясы өтті.

Ертеден етек жайған жемқорлық мәселесі елді алаңдатуда. Қай жерде мол қаражат болса, сол жерде сыбайластық белең алады. Әсіресе, қысқы және жазғы сессия кезінде ол анық аңғарылады. Осы мақсатта ұйымдастырылған шарада Қызылорда облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Шынтасов, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев, аталған колледж директоры Сұлтанбек Тәуіпбаев және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті студенттер Кәсіподақ комитетінің төрағасы Шакизат Қаратайұлы жастармен кездесіп, пікір алмасты.

Қоғам қатеріне айналған сыбайлас жемқорлық – қауіпті кесел. Осы кеселге тосқауыл қою, ел азаматтарын жастарға үлгі болуға шақыру аталмыш басқосуда ауқымды түрде қозғалды.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда оқытушыларымыз бен студент жастардың атқарар рөлі зор. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2014 жылғы 26 желтоқсандағы Жарлығымен бекітілген ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасы бар. Онда қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруға аса қатты мән берілген. Және де осы білім саласында жемқорлықтың алдын алу бағытындағы шараларға ерекше тоқталған. Осы тұста біздің агенттік пен ҚР Білім және ғылым министрлігі үлкен кешенді жұмыстар атқарып келеді, - деді Б.Байхожаев.

Кездесуде аталмыш оқу орнының студенті Бағдат Нағашыбай «Жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы», М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің студенті Күнсұлу Өтеген «Таза сессия» сыбайлас жемқорлықтың алдын алады», Қызылорда құрылыс және бизнес колледжіңің студенті Камила Калеева «Саналы ұрпақ – жемқорлыққа қарсы» атты баяндамаларын оқыды.

Көп пікірі бір жерде тоғысқан бұл шара барысында жастар санасына жемқорлық жайында түсінік қалыптастыру көзделді. Бастысы, сол көздеген мүдде орындалсын. Саналы ұрпақтың санасына кесел болып жабысқан сыбайлас жемқорлықпен күрес әлі де жалғасын табады.

Қонысбек МӘЛІК,

ҚМУ-дың 2-курс студенті