Қызылордалық полицейлер «Қазақстан полициясы» күнін атап өтті | Print |
21.06.2018 17:03

1992 жылғы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заң қабылдады. Бұл Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт болатын. Ал 2007 жылғы 5 маусымда мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен 23 маусымды «Қазақстан полициясы күні» деп бекітті.

Қазақстан полициясы күні – ел қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларына, осы қызметтің қалыптасуының басы-қасында болған ардагерлерге алғыс білдіру күні. Сонымен қатар бұл күн бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбан еткен айбынды полиция қызметкерлеріне құрмет көрсету күні болып саналады.

Қазақстан полициясының 26 жылдық мерейтойына орай, бүгін облыстық филармонияда мерекелік жиын өтті. Мерекелік шара барысында Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қасымов Қалмұханбет Нұрмұханбетұлының мерекелік жеделхаты оқылып, министрдің құзырымен 13 қызметкер марапат биігінен көрінді.

Мұнан соң сөз Қызылорда ОІІД бастығы, полиция полковнигі Қ.Мұхитовқа беріліп, марапаттау бұйрығы таныстырылды. Департамент бастығының бұйрығымен 200 қызметкер және 25 ішкі істер органының ардагері марапатталды.

Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында абыройлы қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлеріне арнап лблыстық филармонияның жұлдыздары өнер көрсетті. Концертте полиция қызметкерлерінің өнері де тамашаланды.

Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі