Кенттегі көше кітапханасы | Print |
01.10.2018 15:00

Аудан орталығында жүзеге асқан осынау жағымды жаңалықты тамашалауға келгендер шараны ұйымдастырушыларға өздерінің ризашылықтарын жаудырып жатты. Тіпті, «көше кітапханасы» деген аталуының өзі естігенді селт еткізердей екен. Тұп-тура көше бойына орналасқан көше кітапханасының негізі мақсаты – көпшіліктің кітап оқу және кітап алмасу арқылы адамның жан дүниесін байыту, білімге даңғыл жол ашу, жаңа идеяларға кілт табу, рухани құндылықтарға қол жеткізу.

Бір ерекшелігі, әлденеше жерде орналасқан көше кітапханасы арқылы аудан тұрғындарының өздері күткен қоғамдық көлік келгенше кітапты оқуға, немесе өзімен бірге ұнаған кітабын алып кетуіне, кейін қайтарып беруіне, болмаса өзге кітаппен ауыстырып оқуға мүмкіндігі бар. Әрі бұл үшін ешқандай құжат талап етілмейді де, оқырман билеті де сұралмайды. Баршасы кітап алған адамның жауапкершілігіне байланысты.

Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаев жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген даналық сөзін мысалға келтіре отырып, көше кітапханасының жұмысына сәттілік тіледі. Мұрат Нәлқожаұлының осы шараға әкім ғана емес, оқырман, аудан тұрғыны ретінде қатысып, жанашырлық танытуы, оқырмандармен еркін пікір алысуы, суретке түсіп, қарапайымдылық үрдісін сақтауы да көпшілікке жылы әсер қалдырды.

Облыс көлемінде (тіпті еліміз бойынша десек те артық емес) тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған «көше кітапханасының» бастамашысы аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов, қолдаушылары мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Лайық, орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Индира Назарова бастаған кітапханашылар болғанын атап кеткен жөн.

«Көше кітапханасының» ашылу салтанатында ақын Мұңсызбай Әубәкіров өзінің жеке кітапханасынан кітап сыйға тарты.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы