Ардан аттамаған абыздар | Print |
01.10.2018 16:12

Ауласында жасыл желегі теңіздей толқыған Ардагерлер үйінен қалың ойға шомылып шықтым. Құлағымнан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазалы ауданының құрметті азаматы Оразғали Бекбанов көкеміздің саңқылдай шыққан зор дауысы кетер емес. «Адамның мінез-құлқын дауысынан ажыратуға болады» деген даналық пікірдің жаны бар. Орекеңнің өзіне ғана жарасатын қою үні өзіне сенімді, кімге де болсын пікірін тайсалмай жеткізетін батыл мінезді адам екенін танытып тұрғандай. Ағамызбен тілдесе қалсаңыз, өзіңіздің өмірге деген таным, көзқарасыңыздың мүлде соны сипат алары анық. Небір даналық лебіздерді қиқу шықса қара үзіп шығар тұлпардай көсілте жеткізгенде, елдің ынтымақ-бірлігін, тату тірлігін насихаттауды қанына сіңірген абыз ақсақалға еріксіз сүйсінесіз. Сұңғылалық жүрген жерде күншілдік пен іштарлықтың болатыны да өмірдің өзінен туындаған қағида. Орекеңнің жағымпаздыққа, жалғандыққа жаны қас дағдысы, қынабынан суырған қайраулы қылыштай өткір тілі кейбір пысықайлардың дегберін қашыратынын, сыртынан күңкілдеуге соқтыратынын несіне жасырамыз?! Әрі бұл қасиет Бекбановтың туабітті мінезі екені де баршаға мәлім. Басқасын айтпағанда ұзақ жылдар бойы аудан орталығы Жаңа Қазалы (қазіргі Әйтеке би кенті) кентінің тізгінін ұстаған тұста да бұғып қалған сәті болған емес. Мұндайда ағамыздың өзі ел ішінде бірлі-жарым телі-тентектің кездесуі қалыпты жайт деген қағиданы ұстанады екен. Бұл да кеңпейіл қазекеңнің атадан балаға мирас қылған ұлттық ерекшелігінің көрінісіндей.

Тазалықтың табалдырықтан басталатынын бәріміз де жақсы білеміз. Ауласында жасыл желек масатыдай құлпырған, алуан гүлдерінен жұпар аңқыған көрікті ғимараттың іші-сырты мұнтаздай. Маңайдағы жарқырата сырланған таутеке мен өзге де мүсіндер, орындықтар, кіреберістегі ардагерлер өмірінен сыр шертетін қызықты деректер темірдей тәртіпті ұнататын, талғамы жоғары жанның қолы тигенін аңғартып-ақ тұр. Енді аудандық ардагерлер кеңесі мен ардагерлердің нақты кезеңде атқарып жатқан тағылымға толы жұмыстарына тоқталсақ.

Ардагерлерді аудан көлемінде қолға алынып жатқан сан алуан жұмыстардың басы-қасында көресіз.

- Үлкенін сыйламайтын қазақ жоқ. Көп жаңылса, көнеден сұрайды. Үлкенге арқа сүйеу, ақыл-парасатына құлақ асу – ежелден бар ерекшелік. Аудандық ардагерлер кеңесі осы бағытты ұстанады. Жеке бастың қамы емес, қоғамның мүддесін ойлауды, Елбасы мен үкімет қабылдаған бағдарламалар, қаулылардың орындалуына мұрындық болуда. Қазірге таңда аудан елді мекендері мен мекемелерде ардагерлер кеңесінің 77 бастауыш ұйымы бар. Олар заман талабына сай келетін құралдар және мүліктер (жұмыс столы, орындықтар, телефон мен сейф, компьютер, теледидар, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, нарды, домбыра, газет тігінділері), тағы басқа заттармен жабдықталған. Жұмыс істеуге жақсы жағдай жасалған. Әрбір ардагердің картотекасы жасалып, компьютерге салынып, сайты ашылды. Елбасы саясатына қашанда қолдау білдіріп, өмір жолында жиған мол тәжірибелерін қоғамның дамуына жаратудан қалыс қалмайды. Адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, бойына патриоттық рухты сіңіре білу тұрғысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алдымызға қойып отырамыз, - дейді Қазалы аудандық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов.

Ағамыздың сөзі шындықтан жырақ емес. Бекбанов басшылық жасайтын ардагерлер кеңесі ел ішінде төбе көрсетіп қалатын керіскендерді келістіріп, бітістірумен шектелмей, мүгедек жандарға қайырымдылық жасауды, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға қол ұшын созып, демеушілер арқылы көмектер беруді тұрақты дағдыға айналдырған. Сондай-ақ, қадірменді қарттардың өсиет айту, өнеге көрсету, бата беру, шежіре сөз жарысы, «Әжелер ансамбілінің» өнерін көпшілікке ұсыну, «Қарттардың да өнерге бар таласы», «Дені сау кәрілік»  тағы басқа да тақырыппен спорттық жарыстар өткізуі тұрақты дәстүрге айналған. Ардагерлер ұйымының құрылғанына 30 жыл толған мерейтойы ауқымды түрде аталып өтілді. Арнайы мерекелік медаль шығарылып, марапатталуы да ардагерлер абыройын асқақтатты. Оған қоса «ЭКСПО -2017» көрмесіне, Астана қаласының мерейтойына бір топ ардагер саяхаттап барса, мезгілінде бір жазда 100 ардагерге дейін санаторияларға жіберіліп,  демалып қайтқан болатын. Сонымен қатар, тиісті ардагерлерге үлкен қалаларға барып, денсаулығын түзетуге квоталар алынып берілуде. Орайы келгенде, ардагерлердің тарихи ескі қалалар мен әулиелердің мәңгілік мекендеріне, ескерткіштеріне тағзым жасағаны да ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Түркістан қаласы мен Мағдума Мазами, үш жүзге пір болған Мүсірәлі қожаға, Жанқожа бабаға, Қызылбас палуанға, Бегім анаға, Қосым қожаға, Ақирекке барып қайтуы қариялардың ризашылығына бөленді. Аудандық, теміржол ауруханаларынан ардагерлерге арналған арнайы палаталар ашылып, жұмыс істеуде.

Иә, «атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген ұлағатты нақыл текке айтылмаса керек.

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы