Рәміздер – елдігімнің белгісі | Print |
05.10.2018 14:40

Аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мемлекеттік рәміздер жөніндегі аудандык комиссия отырысында хабарлама жасаған аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов келтірген деректер кейбір кемшіліктің басын ашқандай.

Баяндамашының сөзінен ұққанымыз, аудан көлемінде мемлекеттік рәміздерді насихаттау және құрметтеуге шақыру бағытында атқарылған іс-шаралар баршылық. Оған қоса БАҚ беттері мен әлеуметтік желілерде ақпараттық-түсіндерілмелік жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Мемлекеттік рәміздерді насихаттау, стандартқа сай қолданылуы мен орнатылуы Ғани Темірбаев басшылық жасайтын аудандық ішкі саясат бөлімі тарапынан ерекше бақылауға алынған. Ағымдағы жылы ауданға Астанадан келген арнайы республикалық инспекциялық топ аудандағы мемлекеттік рәміздерді пайдалану, насихаттау шараларына жүргізген тексеру нәтижесінде айтылған ескертулерден қорытынды шыққанын атап кету ләзім. «Жуырда аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері мемлекеттік рәміздедің жай-күйі, пайдалануына талдау жасаған болатын. Талдау барысында аудандағы кейбір мемлекеттік мекемелер тарапынан әлі де болса Конституциялық заң талаптарының толық орындалмай отырғаны анықталды» деген хабарламашы аталған олқылықтарды ортаға салды.

Мәселен, Сарбұлақ ауылдық округі әкімдігі ғимаратының сыртындағы мемлекеттік ту жыртылған, кіреберістегі ауылдың төлқұжаты құлап қалған болса, ауыл ішіндегі көрнекі үгіт-насихат құралының орны бос тұр екен. Мұндай кемшілік Алға ауылдық округінде де кездеседі. Ауылдық округ ғимаратының сыртындағы мемлекеттік ту жыртылып, әкімнің қызметтік бөлмесіндегі ту тұғырдың ұшы сыныпты. Бір қызығы, ауыл ішіндегі алаңда орналасқан Наурыз мерекесіне арналған билбордтың арада қаншама уақыт өтсе де, әлі күнге неге ауыстырылмағаны жиынға қатысушыларға да түсініксіз көрінді. Ал ауылдық округтердегі клубтардағы мінберлерде елтаңба орналастырылмаған. Құлазыған көңіл «Қарашеңгел, Мұратбаев, Сарыкөл, Арықбалық ауылдық округтеріндегі кітапханалардың төлқұжаттары талапқа сай» дегенде серпіліп қалғандай. Жоғарыда аталған Сарбұлақ және Алға ауылдық округтерінің әкімдеріне ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 458-бабына сәйкес тиісті шаралар қабылдау үшін жергілікті полиция қызметіне ұсыныс хат жолданыпты. Мұнан соң аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Лайық пен «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Олжас Ахметов белгіленген тақырыпта хабарлама жасады.

«Рәміздер – елдігіміздің белгісі. Мемлекеттік рәміздерге тиісті құрметтің көрсетілуі, жай-күйі қоғамдық бақылаушылар мен тұрғындардың назарындағы басты мәселе екендігін ұмытпауымыз керек. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір азаматтың қасиетті борышы» деген Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаев комиссия отырысын түйіндеді.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы