Қазалылықтар жолдаумен жақын танысты | Print |
05.10.2018 16:44

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа арналған дәстүрлі Жолдауын жариялағаны белгілі. Көпшілік ел өміріндегі айтулы оқиғаның бірі санап, жағымды жаңалық күтетін аталмыш Жолдауды қазалылықтар да асыға тосқан болатын. Аудан әкімдігінің мәжіліс залына лық толған жұртшылық көгілдір экраннан берілген осынау оқиғаны сүйсіне тамашалады. Жолдауда айтылған «2019 жылдың қаңтарынан бастап учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы 20 пайызға көтерілмекші. Бұл үшін келесі жылы бюджеттен 5 млрд теңге бөлінетін болады. Учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы біртіндеп көтеріледі. Сонымен қатар, әрбір маманның жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу қабілетіне баса назар аударылып, жергілікті жердегі медициналық-санитарлық көмекті күшейту көзделуде» деген сөздер баршаның көңілінен табылды.

Сондай-ақ, Елбасы өзінің Жолдауында халықтың экономикалық белсенді әрі әлеуметтік әлсіз топтарын қолдауға баса назар аударғаны мәлім. Осы орайда Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Үкіметке келесі жылдың қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе арттыруды тапсырды. Осылайша мұғалімдер мен дәрігерлердің, құқық қорғау, қорғаныс органдары қызметкерлерінің жалақысы 35%-ке көтерілетін болады. Сондай-ақ, балабақша тәрбиешілері, өзге де қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесі қайта қаралмақшы. Алдағы жылы «Педагогтердің мәртебесі» туралы Заң қабылданатын болды. Жастар өкілдеріне де Жолдау керемет жаңалық сыйлағанын атап кеткен жөн. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылды "Жастар жылы" деп жариялауы, ауқымды шаралар ұйымдастыруды әкімдіктерге тапсыруы, «Жастардың отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиіс» деп қадап айтуы жалын жігерлі жастардың ертеңгі күнге деген сенімін еселей түсті. Ауыл шаруашылығы саласын онан әрі жандандыру, отандық өнімдерге басымдық беру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, туризмді өркендету, өзге де тақырыптар туралы жан-жақты қамтылған. Оған қоса «2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық заңнамасының бұзылуы жөніндегі қылмыстық жауапкершіліктің қолданылу шегін, айыппұлды өсіре отырып, 50 мың айлық есептік көрсеткішке дейін арттыруды тапсырамын. Қаржы мониторингі комитетіне функцияларын бере отырып, Экономикалық тергеу қызметін қайта құру қажет. Біз «қолма-қол ақшасыз экономикаға» бет бұруымыз керек. Мұнда жазалаушы ғана емес, бизнестің қолма-қол ақшасыз есеп айырысуын қолдау сияқты ынталандырушы құралдарға да сүйенген жөн. Салық және кеден саласындағы ақпараттық жүйелер интеграциясының аяқталуы әкімшілендірудің ашықтығын арттырады» деген сөздер де көпшіліктің оясынан шыққандай.

Басқосу соңында Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаев жұдырықша жұмылған, ауызбіршілігі мол ағайынның Елбасы Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды жүзеге асыруға бір кісідей атсалысатындығына сенім білдірді.

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы